Президент ауқатты қазақстандықтарға салықты көбейтуді ұсынды
Русский перевод этой статьи пока не опубликован. Ниже — оригинал на казахском языке.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына Жолдауында ірі байлық иелеріне жоғары мөлшерлемемен салық салу мәселесін талқылауды ұсынды,- деп хабарлайды Оpennews.kz ақпарат агенттігі.
Сонымен қатар ол жаңа Салық кодексіндегі кәсіпкерлерге қиындық туғызып отырған талаптарды қайта қарау қажеттігін айтты.
Мемлекет басшысының айтуынша, жаңа Салық кодексі салық жүйесін түбегейлі өзгертуге негіз болды. Алайда реформаны жүзеге асыру барысында кейбір заң талаптарын қолдану қиындық туғызып, кәсіпкерлердің жұмысына кедергі келтіріп отыр.
Президент Үкіметке кәсіпкерлердің пікірін ескеріп, салық заңнамасына нақты түзетулер әзірлеуді тапсырды. Оның айтуынша, өзгерістер мұқият ойластырылуы керек. Өйткені заң талаптарының жиі ауысуы кәсіпкерлерге тұрақты жұмыс істеуге мүмкіндік бермейді.
Ауқатты азаматтарға салық мөлшерін арттыру жайлы
Сонымен қатар мемлекет басшысы салық салудағы әділдік мәселесін көтерді. Ол ірі байлыққа ие азаматтар үшін жоғары салық мөлшерлемесін енгізуді талқылайтын уақыт келгенін мәлімдеді.
Тоқаев Үкімет пен Құрылтайға осы мәселені жан-жақты зерттеп, тиісті ұсыныстар әзірлеуді тапсырды. Әзірге жоғары салықтың нақты мөлшерлемесі мен оның кімдерге қолданылатыны белгіленген жоқ.
Бұдан бөлек, президент салық жүйесін толық цифрландыру қажеттігін айтты. Оның сөзінше, жасанды интеллект пен заманауи технологиялар салық жинауды жақсартуға, көлеңкелі экономиканы қысқартуға және жемқорлық тәуекелдерін азайтуға мүмкіндік береді.
Қаз
Рус






