ҚЫЗЫЛОРДА ОБЛЫСЫНДА ЖАУАПТЫ МАУСЫМҒА ДАЙЫНДЫҚ БАРЫСЫ ТАЛҚЫЛАНДЫ

1 509

Русский перевод этой статьи пока не опубликован. Ниже — оригинал на казахском языке.

ҚЫЗЫЛОРДА ОБЛЫСЫНДА ЖАУАПТЫ МАУСЫМҒА ДАЙЫНДЫҚ БАРЫСЫ ТАЛҚЫЛАНДЫ

Бүгін облыс әкімі Мұрат Ергешбаевтың төрағалығымен кеңейтілген мәжіліс өтіп, өңірдегі қоғамдық-саяси ахуал, әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткіштері және алдағы жылу беру маусымына дайындық барысы жан-жақты қаралды. Жиынға облыс әкімінің орынбасарлары, қала және аудан әкімдері, облыстық басқармалар мен департаменттердің басшылары, жауапты мекеме жетекшілері қатысты.

Күн тәртібіндегі негізгі мәселенің бірі – 2026–2027 жылғы жылу беру маусымына дайындық жұмыстарының орындалу барысы болды. Мәжілісте өңір тұрғындарын қыс мезгілінде сапалы әрі үздіксіз жылумен қамтамасыз ету үшін атқарылып жатқан жұмыстарға жан-жақты талдау жасалып, жауапты сала басшыларының есептері тыңдалды.

Облыс көлемінде жылу беру маусымына дайындық бекітілген іс-шаралар жоспарына сәйкес кезең-кезеңімен жүзеге асырылып келеді. Барлық жұмыстардың басты мақсаты – инженерлік инфрақұрылымның сенімділігін арттыру, тозған желілерді жаңғырту, жылу көздерінің тұрақты жұмысын қамтамасыз ету және тұрғындарға көрсетілетін коммуналдық қызметтің сапасын жақсарту.

Биыл бұл мақсаттарға республикалық және жергілікті бюджеттерден, сондай-ақ басқа да қаржы көздері есебінен жалпы көлемі 7,8 миллиард теңге қаржы қарастырылған. Аталған қаражат инженерлік инфрақұрылымды жаңғыртуға, негізгі және қосалқы жабдықтарды жөндеуге, жылу желілерін қалпына келтіруге және қазандықтардың сенімді жұмысын қамтамасыз етуге бағытталған.

Жоспарға сәйкес өңірде 8,7 шақырым жылу желісін жаңғырту жобасы іске асырылуда. Сонымен бірге №1 және №2 газтурбиналық қондырғыларды күрделі жөндеу, 1,3 шақырым жылу желісін қайта жаңарту, бір қазандық пен бір турбинаны жөндеу, сондай-ақ 10 автономдық қазандыққа жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Бұдан бөлек, негізгі және қосалқы технологиялық жабдықтарды жаңарту жұмыстары қатар атқарылуда.

Жауапты мекемелердің мәліметінше, бүгінгі таңда жоспарланған жұмыстардың 68 пайызы орындалған. Құрылыс-монтаж және жөндеу жұмыстары белгіленген кестеге сәйкес жалғасуда. Барлық мердігер ұйымдарға жұмыстардың сапасы мен мерзіміне ерекше назар аудару тапсырылған.

Мәжілісте өңірдің энергетикалық қауіпсіздігін нығайту бағытында жүзеге асырылып жатқан ірі жобалардың бірі – Қызылорда қаласындағы жаңа жылу-электр орталығының іске қосылуы екені атап өтілді.

Мемлекет басшысының қолдауымен түріктің «Акса Энерджи» компаниясы Қызылорда қаласында қуаттылығы 240 мегаватт электр энергиясын және 277 гигакалория жылу энергиясын өндіретін заманауи жылу-электр орталығын салды. Бұл стратегиялық маңызы бар жоба өңірдің энергетикалық әлеуетін арттырып қана қоймай, халықты сапалы жылумен және тұрақты электр энергиясымен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.

Жоба аясында жалпы қуаттылығы 176 мегаватт болатын екі газ турбиналық қондырғы, 95 мегаваттық бу турбинасы, сағатына 120 тонна бу өндіретін екі бу қазандығы және 150 гигакалория/сағат қуатындағы төрт жылу қазандығы орнатылған.

Қазіргі уақытта жылу-электр орталығы толық іске қосылып, жобалық қуатында жұмыс жүргізуде. Кәсіпорында тәулігіне 240 мегаватт электр энергиясы өндірілуде. Сонымен қатар қуаттылығы 150 мегаватт болатын төрт су жылыту қазандығы тұрақты жұмыс істеп тұр.

Жаңа энергетикалық нысанның іске қосылуы Қызылорда қаласының тұрғындарын алдағы жылыту маусымында жаңа станция арқылы тұрақты әрі сапалы жылумен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Сонымен қатар бұл жоба өңірдің энергия тапшылығын азайтып, инженерлік жүйелердің сенімділігін арттыруға және өндірістік әлеуеттің өсуіне оң ықпал етеді.

Жиын барысында облыс әкімі жауапты мемлекеттік органдар мен мердігер ұйымдардың назарын жұмыстардың сапасына аударып, барлық жөндеу және жаңғырту іс-шаралары белгіленген мерзімде аяқталуы қажеттігін атап өтті. Әсіресе әлеуметтік нысандардың, тұрғын үйлердің, денсаулық сақтау, білім беру және мәдениет мекемелерінің жылу беру маусымына толық дайын болуы басты міндет екені айтылды.

Сонымен бірге коммуналдық кәсіпорындардың қысқы кезеңде үздіксіз жұмыс істеуі үшін қажетті материалдық-техникалық қорды қалыптастыру, қажетті құрал-жабдықтарды әзірлеу, авариялық қызметтердің тәулік бойы жұмыс істеуіне жағдай жасау мәселелері де назардан тыс қалмады.

Жауапты сала басшыларына жөндеу жұмыстарының әр кезеңін тұрақты бақылауда ұстап, тұрғындармен кері байланысты күшейту, жоспарланған барлық іс-шараларды уақытылы аяқтау тапсырылды. Сондай-ақ барлық аудан мен қала әкімдеріне әлеуметтік маңызы бар нысандардың дайындығын күнделікті бақылап, туындауы мүмкін мәселелерді жедел шешу міндеті жүктелді.

Мәжілісте қоғамдық-саяси ахуалдың тұрақтылығын сақтау, мемлекеттік бағдарламалардың орындалуы, әлеуметтік жобалардың іске асырылуы және тұрғындарды толғандыратын өзекті мәселелерді дер кезінде шешу бағытындағы жұмыстар да сөз болды.

Кеңес қорытындысында облыс әкімі барлық жауапты мемлекеттік органдар мен коммуналдық кәсіпорындардың үйлесімді әрі жүйелі жұмысы ғана тұрғындарды қысқы кезеңде сапалы коммуналдық қызметпен қамтамасыз етуге мүмкіндік беретінін атап өтті. Осыған байланысты барлық тапсырмалардың орындалуы тұрақты бақылауда болатыны ескертілді.

Алдағы жылыту маусымына дайындық жұмыстары өңірдің барлық қала және аудандарында бекітілген жоспарға сәйкес жалғасуда. Жоспарланған жөндеу және жаңғырту шаралары толық аяқталғаннан кейін жылу көздерінің сенімділігі артып, тұрғындар мен әлеуметтік нысандардың үздіксіз жылумен қамтылуына қолайлы жағдай жасалады.

Қызылорда облысы әкімінің баспасөз қызметі

OpenNews
информационное агентство
Правовая информация

При использовании материалов ссылка на публикацию обязательна.

Информационный материал +18 предназначен для лиц в возрасте от 18 лет и старше.

Контакты

Нашли ошибку в тексте?
Выделите его и нажмите Ctrl + Enter .

Социальные сети

Copyright © 2010-2026. «OpenNews» - информационное агентство.