Қызылордада электронды білезігін әдейі бүлдірген сотталған азаматқа шара қолданылды
Русский перевод этой статьи пока не опубликован. Ниже — оригинал на казахском языке.
Пробация қызметінің талаптарын бірнеше рет бұзған Қызылорда тұрғыны электронды бақылау білезігін әдейі сындырып, пробациялық бақылаудан жалтаруға әрекет жасаған,- деп хабарлайды Оpennews.kz ақпарат агенттігі.
Азамат үш ай бұрын Қызылорда қалалық пробация қызметінің есебіне алынып, аяғына электронды бақылау білезігі тағылған. Оған сот жүктеген міндеттер түсіндіріліп, жазаны өтеу тәртібін сақтау қажеттігі ескертілген. Сонымен қатар пробация қызметкерлері тарапынан тұрақты түрде профилактикалық жұмыстар жүргізілген.
Алайда сотталған азамат белгіленген талаптарды орындамай, жазаны өтеу тәртібін бірнеше рет бұзған. Осыған байланысты оған бұған дейін де ескерту жасалған. Жуырда азамат ішімдік ішіп, қыдыру мақсатында аяғына тағылған электронды білезікті әдейі сындырып, үйіне тастап кеткен.
Осылайша ол пробациялық бақылау талабын өрескел бұзып, бақылаудан тыс қалуға әрекет жасаған. Оқиғаны пробация қызметкері Назерке Меңбаева анықтаған. - Сотталған азаматқа сот жүктеген міндеттер бірнеше рет түсіндіріліп, пробациялық бақылау талаптарын сақтау қажеттігі ескертілді.
Бұған дейін де жазаны өтеу тәртібін қасақана бұзғаны үшін оған ескерту берілген. Соған қарамастан, азамат электронды бақылау білезігін әдейі сындырып, үйіне тастап кеткен. Бұл – пробациялық бақылау талаптарын өрескел бұзу, – деді Назерке Меңбаева. Пробация қызметінің негізгі міндеттерінің бірі – сотталған азаматтардың қайта қылмыс жасауына жол бермеу және олардың қоғамға бейімделуіне ықпал ету.
Осы мақсатта есепте тұрған азаматтармен жеке профилактикалық жұмыстар жүргізіліп, сот жүктеген міндеттер мен жазаны өтеу тәртібі тұрақты түсіндіріледі. Бақылау құралын әдейі бүлдіру жауапкершіліктен босатпайды. Керісінше, мұндай әрекет жазаны өтеу тәртібін бұзу ретінде қаралады. Қазіргі таңда аталған азаматқа қатысты қажетті құжаттар жинақталып, сотқа жолдауға дайындалуда.
Қаз
Рус






