ШАҺИЗАДА ӘБДІКӘРІМОВТІҢ МЕРЕЙТОЙЫНА АРНАЛҒАН ШЫҒАРМАШЫЛЫҚ КЕШ ӨТТІ
Русский перевод этой статьи пока не опубликован. Ниже — оригинал на казахском языке.
Қызылорда қаласындағы «Өнер орталығында» облыс әкімі Мұрат Ергешбаевтың қатысуымен белгілі ақын, қаламгер, тележурналист, «Құрмет», «Парасат» ордендерінің иегері Шаһизада Әбдікәрімовтің 70 жасқа толуына арналған «Поэзия гладиаторы» атты шығармашылық кеш өтті.
Руханият пен әдебиетті ұлықтаған тағылымды кешке Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаттары Серік Қожаниязов, Шахмардан Байманов, Нұркен Бақытбекұлы, Ирина Тен, Мағжан Ералиев, Қырғызстаннан арнайы келген қонақтар, еліміздің әр өңірінен келген қаламгерлер мен мәдениет өкілдері, мәслихат депутаттары, зиялы қауым өкілдері, ардагерлер, ел ағалары және ақынның шығармашылығын құрметтейтін Сыр жұртшылығы қатысты.
Мерейтойлық кеш ақынның шығармашылық жолы мен телевизия саласындағы ұзақ жылғы еңбегін қамтыған бейнероликпен басталды. Көрермен назарына қаламгердің әр жылдардағы қоғамдық қызметі, әдебиет пен журналистикадағы ізденістері, елдік мәселелерге араласуы және Сыр өңірінің рухани өміріне қосқан үлесі ұсынылды.
Шаһизада Әбдікәрімов – Сыр елінің әдеби-мәдени кеңістігінде өзіндік қолтаңбасы қалыптасқан қаламгер. Ақынның шығармаларында туған жерге деген сүйіспеншілік, ел мен жер тағдыры, адам болмысы, уақыт тынысы, қоғамның өзекті мәселелері мен ұлттық құндылықтар кеңінен көрініс табады. Оның шығармашылығы поэзиямен ғана шектелмей, журналистика, телевизия және қоғамдық қызметпен сабақтасып келеді.
Мерейтойлық кеште облыс әкімі Мұрат Ергешбаев ақынды 70 жылдық мерейтойымен құттықтап, оның ел руханиятына сіңірген еңбегіне тоқталды.
«Шаһизада Өтетілеуұлы – ақындық болмысы мен азаматтық ұстанымын, шығармашылығы мен ұйымдастырушылық қабілетін қатар алып жүрген қаламгер. Ол отандық тележурналистиканың дамуына да елеулі үлес қосты.
Өткен ғасырдың 90-шы жылдары Байқоңыр қалалық «Қазақ тілі» қоғамын басқарып, ғарыш айлағында тұңғыш ана
тілімізде жарық көрген «Ақжол» газетінің негізін қалады.
Сол кезеңде Байқоңырдан қажетті жабдықтарды жеткізіп, өз қолымен іргетасын қалаған «Қоғам ТВ» телеарнасы бүгінде Сыр жұртшылығының сүйікті арнасына айналды.
Шаһизада Өтетілеуұлы қай кезеңде де қоғамшыл бағытынан айнымайтын ақын ретінде туған жерінің рухын асқақтатып, халқына қалтқысыз қызмет етіп келеді.
Сізді адамзат ғұмырының жемісті шағы – 70 жасқа толған мерейтойыңызбен барша Сыр жұртшылығының атынан шын жүректен құттықтаймын! Әрі қарай да еліміздің рухани дамуына өз үлесіңізді қосып, отаншыл жүрегіңізден отты жырлар туа берсін», – деді облыс әкімі.
Аймақ басшысы өз сөзінде мерейтой иесінің азаматтық ұстанымына, туған жерге деген жанашырлығына және ұлттық руханиятқа қосқан үлесіне айрықша тоқталды.
Шаһизада Әбдікәрімовтің шығармашылық және қоғамдық қызметі Сыр өңірінің тарихымен, оның мәдени-рухани даму кезеңдерімен тығыз байланысты. Әсіресе Байқоңыр қаласында қазақ тілінің мәртебесін көтеруге, ана тіліндегі ақпарат құралдарын қалыптастыруға және ұлттық мазмұндағы телевизиялық өнімдерді дамытуға атсалысуы оның азаматтық болмысын айқындай түседі.
Мерейтойлық кеш барысында Шаһизада Өтетілеуұлына Премьер-министрдің бірінші орынбасары Нұрлыбек Нәлібаевтың арнайы құттықтауы жеткізілді.
Сондай-ақ мерейтой иесіне Қызылорда облысының Құрмет грамотасы табысталып, «Қызылорда облысының дамуына қосқан үлесі үшін» медалімен марапатталды. Ақынға арнайы құрмет көрсетіліп, иығына қазақы дәстүрмен шапан жабылып, темір тұлпардың кілті табысталды.
Мерейтойлық шарада қаламгердің шығармашылығына қатысты жылы лебіздер айтылып, оның әдебиеттегі және журналистикадағы еңбегіне жоғары баға берілді.
Жиында ардагер Сәби Аңсат, ақын, аудармашы Байбота Серікбай, ақын, мемлекет қайраткері Қазыбек Иса, ақын, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Ғалым Жайлыбай, Қырғыз Республикасының мәдениет қайраткері Қарбалас Бакиров, ақын Бүркіт Базарбаев және аудармашы Махаббат Молдалиева сөз сөйледі.
Қаламгердің замандастары мен әріптестері оның шығармашылық жолына тоқталып, ақынның азаматтық болмысы, қаламгерлік ұстанымы және ел мәдениетіне қосқан үлесі туралы естеліктерімен бөлісті.
Қырғызстаннан келген қонақтар да мерейтой иесіне ақжолтай тілектерін жеткізіп, екі ел арасындағы мәдени-әдеби байланысты нығайтуға қосқан үлесін атап өтті. Бұл ретте Шаһизада Әбдікәрімовтің шығармашылығының түркі халықтарына ортақ рухани құндылықтарды дәріптеудегі маңызына назар аударылды.
Кеш барысында мерейтой иесінің өзі сахнаға көтеріліп, әр жылдары жазылған таңдаулы жырларын оқыды. Ақынның жүрекжарды өлеңдері көрерменге ерекше әсер сыйлады.
Шаһизада Әбдікәрімов поэзиясындағы басты ерекшеліктің бірі – уақыт пен адам болмысын қатар суреттеу. Оның өлеңдерінде күнделікті тіршіліктің қарапайым көріністерінен бастап, қоғамның күрделі мәселелеріне дейін кең ауқымды тақырыптар қамтылады. Туған жердің табиғаты, елдің өткені мен бүгіні, азаматтық жауапкершілік, адамдық қасиет, өмірдің мәні мен уақыттың қадірі ақын жырларынан өзіндік өрнекпен көрініс табады.
Ақынның әр кезеңде жазылған шығармалары оның шығармашылық ізденісінің үздіксіз жалғасып келе жатқанын аңғартады. Сахнадан оқылған жырлар көрерменнің ыстық ықыласына бөленіп, залда отырған әдебиет сүйер қауым ақынға қошемет көрсетті.
Шығармашылық кеште Шаһизада Әбдікәрімовтің сөзіне жазылған әндер де орындалды. Әуезді әндер ақын поэзиясының музыкалық қырын танытып, кештің мазмұнын байыта түсті.
Сонымен қатар поэзия кешіне Сыр елінің жас ақындары да қатысып, өз шығармаларын көпшілік назарына ұсынды. Жас буын өкілдерінің өлеңдері аға буын мен кейінгі ұрпақ арасындағы шығармашылық сабақтастықтың көрінісіндей болды.
Мерейтойлық кеш барысында әдебиет пен өнердің, журналистика мен қоғамдық қызметтің тоғысқан тұстары кеңінен көрініс тапты. Бұл шара ақынның жетпіс жылдық ғұмырына ғана емес, оның шығармашылық және азаматтық жолына берілген құрметтің белгісі болды.
Шаһизада Әбдікәрімовтің жетпіс жылдық мерейтойына арналған «Поэзия гладиаторы» кеші Сыр өңірінің рухани өміріндегі маңызды мәдени шаралардың бірі ретінде өтті.
Өнер мен сөзді, ұлттық құндылық пен азаматтық ұстанымды қатар ұлықтаған кеште ақынның шығармашылық мұрасы кеңінен насихатталып, оның ел руханиятына сіңірген еңбегі тағы бір мәрте атап өтілді.
Мерейтой иесіне арналған кеш ақынның елге, жерге деген сүйіспеншілігінен туған жырларымен, ізгі тілектермен және өнерпаздардың музыкалық тартуларымен жалғасын тапты.
Сыр жұртының рухани өміріне өзіндік үлесін қосып келе жатқан Шаһизада Әбдікәрімовтің шығармашылық кеші әдебиетсүйер қауымға көтеріңкі көңіл-күй сыйлап, ақынның жетпіс жылдық белесін жаңа шығармашылық ізденістерге бастар жарқын кезең ретінде айшықтады.
Читайте также

Қаз
Рус





