ҚЫЗЫЛОРДАДА ЖЕТІСУ МЕН СЫР ӨНЕРПАЗДАРЫНЫҢ ДӘСТҮРЛІ ӨНЕР САЙЫСЫ ӨТТІ
Русский перевод этой статьи пока не опубликован. Ниже — оригинал на казахском языке.
ҚЫЗЫЛОРДАДА ЖЕТІСУ МЕН СЫР ӨНЕРПАЗДАРЫНЫҢ ДӘСТҮРЛІ ӨНЕР САЙЫСЫ ӨТТІ
Бүгін Қызылорда қаласында Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 35 жылдығына арналған «Бес асыл» жобасы аясында «Тұғыры биік Тәуелсіздік» атты Қызылорда және Жетісу облыстары өнерпаздарының республикалық дәстүрлі өнер сайысы өтті.
Екі өңірдің өнерпаздары бас қосқан мәдени шараның басты мақсаты – қазақ халқының ғасырлар бойы қалыптасқан дәстүрлі өнерін дәріптеу, ұлттық өнердің үздік үлгілерін кейінгі буынға насихаттау, аймақтар арасындағы шығармашылық байланысты нығайту және жас таланттарға қолдау көрсету.
Өнер додасының ашылу салтанатында сөз алған облыс әкімі Мұрат Ергешбаев қатысушыларды айтулы мерекемен
құттықтап, өнерпаздарға сәттілік тіледі.
«Алашқа ана болған Сыр өңірі – сөз киесі қонған, жырдан маржан төгілген қасиетті өлке. Осы дәстүрді бүгінгі буын лайықты жалғастырып келеді. Мұның айқын дәлелі – Мұхтар Ниязовтың үш мәрте «Алтын домбыра» иегері атануы.
Мейірбек Сұлтанхан да «Алтын домбыраны» иемденіп, Сыр елінің айтыстағы дәстүр жалғастығын тағы бір мәрте танытты. Бұл сабақтастық жас талант Бексұлтан Орынбасаровтың «Күміс домбыра» иегері атануымен де айшықтала түсті.
Халқымыз қашаннан өнерді бағалаған, кие тұтқан. Оның ішінде айтыс өнерінің біз үшін орны ерекше. Ел тәуелсіздігін алғаннан бері қаншама ақындарымыз түлеп ұшып, айтыс өнерін дамытуға үлкен үлес қосуда. Өйткені, айтыс – мәңгілік
киелі мұрамыз!
Бүгінгі сөз додасына келген жүйріктерге тартысты айтыс тілей отырып, ел рухын асқақтатудағы елеулі еңбектеріңізге шынайы алғысымды білдіремін. Қазақылықтың қаймағы бұзылмаған қасиетті Сыр өңіріне келген қадамдарыңыз құтты болғай», – деді Мұрат Нәлқожаұлы.
Дәстүрлі өнер сайысы барысында Қызылорда мен Жетісу облыстарының өнерпаздары ұлттық өнердің бірнеше бағыты бойынша бақ сынады. Қатысушылар айтыстың түре, сүре, қайым және қыз бен жігіт айтысы түрлерінен өнер көрсетіп, сөз сайысындағы шеберліктерін ортаға салды. Сонымен қатар жыршы-жыраулардың орындаушылық шеберлігі, термешілердің дәстүрлі мақамы, әншілердің нақышы мен күйшілердің орындау мәнері сарапқа салынды.
Сахна төрінде командаларды таныстыру кезеңінде Нұрлы Мұхамади мен Қазыбек Шынберген өнер көрсетті. Сүре айтыста Данияр Болатқан мен Бексұлтан Орынбасаров сөз қағыстырып, суырыпсалмалық қабілеттерін танытты.
Жыршылар сайысында Есхат Нұрәли мен Марат Сүгірбай жыршылық дәстүрдің озық үлгілерін орындап, көрермен ықыласына бөленді.
Түре айтыста Дидар Өмірәлі мен Мейірбек Сұлтанхан шеберлік байқасты. Күй тартыста Самат Жексенбаев пен Әділбек Тәшімов домбыраның қос ішегінен төгілген күмбірлі күй арқылы ұлттық музыкалық мұраның байлығын паш етті.
Қыз бен жігіт айтысында Әдемі Сыбанқұл мен Ержан Әміров өнер көрсетіп, әзіл мен астарлы ойды, тапқырлық пен ұтқыр сөзді ұштастыра білді. Дәстүрлі ән орындауда Бейбіт Мұсаев пен Зульфия Баймұрзаева қазақ ән өнерінің көркем үлгілерін орындады.
Қайым айтыста Қазыбек Жеңісхан мен Мұхтар Ниязов сөз сайысына түссе, терме жанрында Арафат Ысқақов пен Руслан Ахметов өнер көрсетті.
Сайыстың ерекшелігі – мұнда тек айтыс ақындарының ғана емес, қазақтың дәстүрлі өнерінің бірнеше бағытын қатар дамытуға мән берілді. Осы арқылы ұлттық өнердің тұтас сабақтастығы көрсетілді. Сахнада домбыра үні мен жыр-терме, дәстүрлі ән мен суырыпсалма сөз өнері тоғысып, көрерменге тағылымды мәдени кеш ұсынылды.
Өнерпаздардың өнерін құрамында қазақтың дәстүрлі өнері мен айтыс саласына еңбегі сіңген білікті мамандардан жасақталған қазылар алқасы бағалады. Қазылар алқасының төрағасы – белгілі ақын Жүрсін Ерман. Алқаның құрамында айтыскер ақын, Мәдениет қайраткері Серік Құсанбаев, айтыскер ақын, Мемлекеттік «Дарын» сыйлығының лауреаты Бекарыс Шойбеков, дәстүрлі әнші, Қазақстанның Халық әртісі Айгүл Қосанова, жыршы-термеші, өнертанушы, Мәдениет саласының үздігі Елдос Еміл және күйші, профессор, Мәдениет қайраткері Мұрат Әбуғазы болды.
Қазылар өнерпаздардың орындаушылық шеберлігіне, сахна мәдениетіне, сөз саптауына, суырыпсалмалық қабілетіне, ұлттық дәстүрді меңгеру деңгейіне және шығармашылық ізденісіне назар аударды.
Тартысты өткен өнер додасы барысында екі өңірдің өнерпаздары өздерінің кәсіби деңгейін көрсетіп, ұлттық өнердің түрлі жанрларындағы шеберліктерін танытты. Әсіресе айтыс алаңында ақындардың ұтымды жауаптары, ел тарихы мен бүгінгі қоғам тақырыбын сабақтастырған ой-тұжырымдары көрерменнің ыстық ықыласына ие болды.
Сыр өңірі үшін дәстүрлі өнердің орны айрықша. Қасиетті Сыр бойы – жыраулық және жыршылық дәстүрдің алтын бесігі, айтыс өнерінің ірі мектептерінің бірі. Бұл өлкеден талай ғасыр бойы ел тарихын жырға қосқан жыраулар мен суырыпсалма ақындар шыққан. Бүгінде сол дәстүрді жаңа буын өкілдері жалғастырып, ұлттық өнердің өрісін кеңейтіп келеді.
Ал Жетісу өңірі де қазақтың әншілік, ақындық, күйшілік және айтыскерлік дәстүрімен ерекшеленетін тарихи-мәдени аймақтардың бірі. Екі өңірдің өнерпаздарының бас қосуы – ұлттық өнердің өңірлік мектептерінің өзара тәжірибе алмасуына, шығармашылық байланыстардың нығаюына мүмкіндік беретін маңызды мәдени бастама.
Сайыс барысында өнерпаздар тек өз шеберліктерін көрсетіп қана қоймай, ұлттық өнердің құндылығын, оның ұрпақ тәрбиесіндегі маңызын да айшықтады. Мұндай мәдени жобалар жас өнерпаздардың сахнаға шығуына жол ашып, олардың кәсіби тұрғыдан қалыптасуына ықпал етеді.
Тәуелсіздіктің 35 жылдығына арналған шараның «Тұғыры биік Тәуелсіздік» деп аталуы да бекер емес. Қазақтың дәстүрлі өнері – халқымыздың тарихи жадын, рухани болмысын, ұлттық дүниетанымын ұрпақтан ұрпаққа жеткізетін құнды мұра. Сондықтан оны дәріптеу мен дамыту – елдің мәдени келешегі үшін маңызды міндет.
Дәстүрлі өнер додасының қорытындысы бойынша жоғары дайындық пен шеберлік танытқан Қызылорда облысының командасы жеңіске жетті. Жеңімпаз командаға арнайы кубок пен қаржылай сертификат табысталды.
Жиын соңында өнерпаздарға, қазылар алқасына және шараны ұйымдастырушыларға алғыс білдіріліп, ұлттық өнерді ұлықтайтын осындай мәдени жобалардың алдағы уақытта да жалғасын табуына тілектестік айтылды.
Қос өңірдің өнерпаздарын бір сахнаға тоғыстырған «Тұғыры биік Тәуелсіздік» дәстүрлі өнер сайысы – қазақ өнерінің өміршеңдігін, ұлттық құндылықтардың сабақтастығын және өнерге деген ел ықыласының жоғары екенін тағы бір мәрте көрсетті.
Қызылорда облысы әкімінің баспасөз қызметі
Қаз
Рус






