ҚАЛА КҮНІНДЕ ҚЫЗЫЛОРДАЛЫҚТАР ҚОНЫС ТОЙЫН ТОЙЛАДЫ

1 510

Русский перевод этой статьи пока не опубликован. Ниже — оригинал на казахском языке.

ҚАЛА КҮНІНДЕ ҚЫЗЫЛОРДАЛЫҚТАР ҚОНЫС ТОЙЫН ТОЙЛАДЫ

Қызылорда қаласының Қала күні мерекесі қарсаңында тұрғындарды баспанамен қамтамасыз ету бағытындағы игі істер жалғасын тапты. Бүгін шаһардың сол жағалауында жалпы саны 168 пәтері бар екі тұрғын үй пайдалануға беріліп, ондаған отбасы жаңа баспанаға қол жеткізді. Қуанышты сәтке орай ұйымдастырылған салтанатты рәсімге облыс әкімі Мұрат Ергешбаев, Қазақстан Республикасы Құрылтайының депутаттары Серік Қожаниязов пен Нұркен Бақытбекұлы, Қазақстан Халық Кеңесінің мүшесі Жанар Бимұратқызы, зиялы қауым өкілдері мен ел ағалары қатысты.

Қала күнімен тұспа-тұс келген қоныс тойы баспаналы болған отбасылар үшін ерекше қуанышқа ұласты. Жаңа пәтерлердің кілтін алу – әрбір жанұяның өміріндегі маңызды белес. Өз шаңырағына қол жеткізген тұрғындар үшін бұл жаңа өмірге қадам басудың, болашаққа сеніммен қараудың және отбасы бақытының берік негізін қалаудың жарқын көрінісі.

Сол жағалау – Қызылорданың қарқынды дамып келе жатқан аумақтарының бірі. Қазіргі уақытта мұнда 25 мыңнан астам тұрғын қоныстанған. Шағын ауданда 136 көпқабатты тұрғын үй, 20 әлеуметтік және 13 ірі бизнес нысаны орналасқан. Сонымен қатар тағы 48 нысанның құрылысы жүргізілуде. Бұл деректер қаланың сол жағалауында құрылыс жұмыстарының ауқымы кеңейіп, тұрғындарға қолайлы орта қалыптастыруға басымдық беріліп отырғанын көрсетеді.

Салтанатты рәсімде облыс әкімі Мұрат Ергешбаев тұрғындарды Қала күнімен және жаңа баспаналарының берілуімен құттықтап, Қызылорданың тарихи маңызы мен бүгінгі даму қарқынына тоқталды. Аймақ басшысы екі ғасырлық тарихы бар Сыр шаһарында ұлт қайраткерлері мен Алаш арыстары ел тағдырына қатысты маңызды шешімдер қабылдап, болашаққа бағыт-бағдар жасағанын атап өтті. Бүгінде қаланың жаңарып, көркеюі сол тарихи сабақтастықтың заңды жалғасы екенін жеткізді.

«Қаламыздың бүгінгі жаңаруы мен көркеюі – сол тарихи сабақтастықтың жалғасы. Әлеуметтік және инженерлік инфрақұрылым жаңғыртылып, заманауи нысандар ел игілігіне берілуде. Өңір экономикасының қуатын арттыратын ірі инвестициялық жобалар жүзеге асып жатыр. Осындай игі шаралардың жалғасы ретінде бүгін тұрғын үй кезегінде тұрған жерлестерімізге 12 мың шаршы метр болатын 168 пәтердің кілтін салтанатты түрде табыстаймыз.

Бүгін – Мемлекет басшысының қолдауымен баспаналы болып жатқан әрбір отбасы үшін айтулы күн. Меншікті үй – бұл тұрақтылық пен ертеңгі күнге деген сенімнің кепілі. Жаңа шаңырақтарыңыздың босағасы берік, іші береке мен мерекеге толсын! Әрбір отаудан бүлдіршіндердің күлкісі естіліп, татулық салтанат құра берсін! Қоныстарыңыз құтты, ел іргесі берік, болашағымыз баянды болсын», – деді Мұрат Нәлқожаұлы.

Аймақ басшысы өз сөзінде тұрғындарды баспанамен қамтамасыз ету әлеуметтік саясаттың маңызды бағыттарының бірі екенін атап өтті. Жаңа тұрғын үйлердің пайдалануға берілуі азаматтардың тұрмыс сапасын жақсартуға, отбасылардың тұрақты өмір сүруіне жағдай жасауға және қаланың тұрғын үй қорын ұлғайтуға мүмкіндік береді.

Салтанатты шара барысында тұрғын үйлердің құрылысын жүргізген мердігер мекеменің құрылысшылары облыс әкімінің Алғыс хатымен марапатталды. Бұл – құрылыс саласында еңбек етіп, өңірдің дамуына үлес қосып жүрген мамандардың жұмысына берілген баға. Құрылысшылардың кәсіби еңбегі мен жауапкершілігі жаңа нысандардың сапалы бой көтеруіне негіз болады.

Жиында Қазақстан Республикасы Құрылтайының депутаты Серік Салауатұлы мен қоғам қайраткері Әріп Битілеуұлы да құттықтау сөз сөйлеп, жаңа баспанаға ие болған отбасыларға ізгі тілектерін жеткізді. Қатысушылар тұрғын үй құрылысының әлеуметтік маңызына тоқталып, әр отбасының өз баспанасына қол жеткізуі қоғамның тұрақты дамуы үшін маңызды екенін атап өтті.

Тұрғындарды баспанамен қамту – басты басымдықтардың бірі

Қызылорда облысында тұрғын үй мәселесін шешу бағытында жүйелі жұмыстар атқарылып келеді. Кейінгі төрт жылда өңірде тұрғын үй кезегінде тұрған азаматтарға 7 625 пәтер беріліп, 30 мыңнан астам адам баспаналы болды. Бұл – көптеген отбасының тұрмыс жағдайын жақсартуға мүмкіндік берген маңызды нәтиже.

Биыл да тұрғын үй құрылысының көлемін арттыруға басымдық беріліп отыр. Жыл соңына дейін тағы 1 950 пәтерді пайдалануға беру жоспарланған. Жаңа тұрғын үйлердің салынуы баспанаға мұқтаж азаматтардың қажеттілігін өтеуге, қала мен елді мекендердің тұрғын үй инфрақұрылымын дамытуға және халықтың өмір сүру сапасын арттыруға бағытталған.

Баспана – әрбір отбасының тұрақтылығы мен әл-ауқатының негізі. Өз үйі бар адамның ертеңге деген сенімі нығайып, бала тәрбиесіне, білім алуға және отбасылық құндылықтарды қалыптастыруға қолайлы жағдай жасалады. Сондықтан тұрғын үй құрылысы тек ғимараттар тұрғызумен шектелмей, азаматтардың әлеуметтік жағдайын жақсартуға ықпал ететін маңызды бағыт саналады.

Сол жағалауда жаңа тұрғын үйлермен қатар, инженерлік және көлік инфрақұрылымын дамыту жұмыстары да жалғасуда. Аумаққа халықтың көптеп қоныстануына байланысты жол қатынасын жақсарту, қозғалыс қауіпсіздігін қамтамасыз ету және қаланың өзге бөліктерімен байланысты нығайту мәселелеріне ерекше көңіл бөлінуде.

Осы мақсатта жақында Иса Тоқтыбаев көшесінен сол жағалауға өтетін төрт жолақты жаңа автомобиль көпірінің құрылысы басталды. Жоба көлік қозғалысын жеңілдетуге, тұрғындардың қатынау мүмкіндігін кеңейтуге және шағын ауданның көлік инфрақұрылымын жетілдіруге бағытталған. Көпірдің салынуы сол жағалаудың қаланың басқа аумақтарымен байланысын нығайтуға мүмкіндік береді.

Жалпы, Қызылорданың сол жағалауында тұрғын үй құрылысы мен әлеуметтік және инженерлік инфрақұрылымды дамыту жұмыстары қатар жүргізіліп келеді. Жаңа тұрғын үйлердің бой көтеруі, әлеуметтік нысандардың ашылуы және жол қатынасының жақсаруы аумақтың заманауи әрі жайлы шағын аудан ретінде қалыптасуына ықпал етеді.

Қала күні мерекесінде 168 пәтердің пайдалануға берілуі – Қызылорданың даму жолындағы тағы бір маңызды оқиға. Жаңа баспаналарға ие болған отбасылар үшін бұл күн ұмытылмас қуанышқа толы сәт ретінде есте қалмақ. Әр шаңыраққа шаттық пен береке тілеген мерекелік шара тұрғындардың ортақ қуанышын еселей түсті.

Қызылорданың көркеюі мен тұрғындардың тұрмыс сапасын арттыруға бағытталған жұмыстар алдағы уақытта да жалғасын табады. Басты мақсат – халыққа қолайлы жағдай жасау, баспанаға қолжетімділікті арттыру және қаланың тұрақты дамуына негіз болатын инфрақұрылымды қалыптастыру.

Жаңа баспанаға ие болған отбасылардың қонысы құтты, шаңырағы шаттыққа толы болсын!

Қызылорда облысы әкімінің баспасөз қызметі

OpenNews
информационное агентство
Правовая информация

При использовании материалов ссылка на публикацию обязательна.

Информационный материал +18 предназначен для лиц в возрасте от 18 лет и старше.

Контакты

Нашли ошибку в тексте?
Выделите его и нажмите Ctrl + Enter .

Социальные сети

Copyright © 2010-2026. «OpenNews» - информационное агентство.