14 жастағы оқушының өлімі: туыстары мектептегі дау себеп болуы мүмкін дейді

1 500

Русский перевод этой статьи пока не опубликован. Ниже — оригинал на казахском языке.

Фото: ThreadsЖамбыл облысы Қордай ауданындағы Қаракемер ауылында 14 жастағы оқушы қайтыс болды. Оның отбасы баланың өліміне мектептегі мұғалімнің әрекеті себеп болуы мүмкін, - деп  хабарлайды  Opennews.kz  ақпарат агенттігі.

Бәрі неден басталды?

Туыстарының айтуынша, отбасы жеті ай бойы үнсіз келген. Алайда қазір істің мән-жайына қоғам назар аударғанын қалайды.

“Марқұм – Қали Қуаныш Темірбекұлы, отбасындағы алты қыздың арасындағы жалғыз ұл. Ол небәрі 14 жасында, 7-сыныпта оқып жүрген кезінде өзіне қол жұмсап, көз жұмды. Ол Қаракемер ауылындағы Әбір Нүсіпбаев атындағы №14 орта мектептің 7-сыныбында оқыды. Оқиға биыл 25 ақпанда болды. Оның өзіне қол жұмсауына мектептегі жағдай себеп болуы мүмкін”, – деп жазды марқұмның туысы.

Туыстарының айтуынша, оқиға алгебра сабағында болған.

“Сол кезде мұғалім тақтаға жазылғанды дәптерге көшіріп жазуды тапсырған. Қасында отырған сыныптасы тақтадағы жазуды көре алмай тұрғанын айтқан. Содан кейін ол телефонын алып, тақтаны суретке түсірген. Сол кезде мұғалім де суретке түсіп қалған. Мұғалім келіп, “мені түсіріп жатырсың ба?” деп сұраған. Қуаныш “жоқ, тақтаны түсірдім” деген. Сонда мұғалім “мені қанша рет фотоға түсірдің, сонша рет айыппұл саламын. 200 мың теңге төлейсің” деген. Кейін Қуанышқа түсініктеме жаздырған. Оған “айыппұл салуға қарсы емеспін” деп жазуды талап еткен. Қуаныш мұғалімнің айтқанын жазып отырған”, – дейді туыстары.

Туыстарының айтуынша, кейін мұғалім Қуанышқа әкесін шақыруды тапсырған.

“Мұғалім “Әкеңді шақыр” деген. Қуаныш “шақырып келемін” депті. Қоңырауға бір минут қалғанда күртесін алып, мектептен жүгіріп шығып кеткен”, – дейді туыстары. Оқушыны бір сағаттан аса ешкім іздемеген

Отбасының сөзінше, Қуаныш мектептен шығып кеткеннен кейін оны біраз уақыт ешкім іздемеген.

“Бір сағаттай уақыт өткен. Кейін тағы екі-үш сабақ болған. Оның ішінде басқа бір мұғалімнің және директордың сабағы болған. Бірақ ешкім Қуанышты іздемеген. Сыныптастары уайымдап, ата-анасына хабарласқысы келген, алайда оның телефонын алып қойған”, – дейді туыстары.

Олардың айтуынша, Қуаныш соңғы сабаққа да келмеген.

“Сол кезде алгебра пәнінің мұғалімі біздің үлкен әпкеміз Жансаяға телефон соққан. “Қуаныш қашып кетіпті, уайымдап тұрмын. Қайда кеткенін білмеймін. Үйіңе барсам, ешкім жоқ" деген. Біз оған “Қуаныш тығылып қалған шығар” деп айттық. Бірақ содан кейін оны іздеу жұмыстары басталмаған”, – дейді отбасы.

Кейін Қуанышты оның туыстарының бірі тауып алған.

“Әкемнің туған ағасы біздің үйдің жанында тұрады. Ол Тарауық намазынан қайтып келе жатып, қораның есігі сәл ашық тұрғанын көрген. Есікті жабу үшін барған кезде Қуанышты асылып тұрған жерінен көрген. Не істерін білмей, көршілерді көмекке шақырған. Сол кезде Қуаныштың қайтыс болғанына екі-үш сағаттай уақыт болған деп ойлаймыз”, – дейді туыстары.

Оқиғадан кейін мектеп директоры, директордың орынбасары және сынып жетекшісі көңіл айтуға келген. Алайда отбасының айтуынша, алгебра пәнінің мұғалім келмеген.

“Мектеп басшылығы мен сынып жетекшісі көңіл айтуға келді. Ал алгебра пәнінің мұғалімі жетісіне де келмеді. Кейін келіп, көңіл айтпады, кешірім де сұрамады. "Ас береміз" деді. Бірақ біз келіспедік. Біз малдан айырылып отырған жоқпыз, жалғыз бауырымыздан айырылып отырмыз”, – дейді отбасы.

Отбасы адвокат жалдаған

Туыстарының айтуынша, кейін отбасы адвокат жалдаған. Оған 500 мың теңге төлеген.

“Адвокат жалдадық. Бірден бір нәрсе істейтін шығар деп ойладық. Бірақ ештеңе шешілмеді. Ал әлгі мұғалім болса, тойларға барып, өз жұмысын істеп жүрді. Кейін адвокат бізге “ештеңе істей алмаймын” деп жазды. Тіпті “мұғалім бәрін таныстары арқылы шешіп қойған сияқты” деп айтты. Біз бірнеше ай бойы сол адвокатқа сеніп жүрдік. Егер ештеңе істей алмайтын болса, мұны басында неге айтпады”, – дейді туыстары.

Отбасы істің әділ тергелуін және жауапты адамдардың заң аясында жауапқа тартылуын сұрайды.

“Біздің ешқандай таныс-тамырымыз жоқ. Бізге әділдік керек. Малдан айырылып отырған жоқпыз, адамнан айырылып отырмыз. Бұл – алты қыздың арасындағы жалғыз бауырымыз. Қали Қуанышты Құдайдан әрең сұрап алған едік. Оның өліміне себеп болған адам тиісті жазасын алуы керек деп есептейміз”, – дейді отбасы.

Мектепке қатысты да тексеру жүргізуді сұрады

Марқұмның туыстары Қаракемер ауылындағы Әбіл Нүсіпбаев атындағы №14 мектепке қатысты да тексеру жүргізуді сұрап отыр.

Олардың айтуынша, оқу орнында бұған дейін де бірқатар мәселе болған. Туыстары мектепке тексеріс келген кезде кемшіліктер көрсетілмей қалуы мүмкін деп күдіктенеді.

“Комиссия мектепті тексерсе екен дейміз. Бұл мектепте ашылмаған қаншама мәселе бар. Тексеру келген кезде барлығын жақсы етіп көрсетеді. Мұны оқушылардың өзі де растай алады. “Жүйе” деген нәрседен қаншама бала зардап шекті. Оны да тоқтатуды сұраймыз", – дейді отбасы.

Сонымен қатар туыстары алгебра пәнінің мұғалімін жұмыстан босатуды талап етіп отыр. Олар мектеп директоры мен әлгі мұғалім арасында туыстық байланыс бар екенін айтып, педагогке шара қолданылмай отыр деп күмән келтіреді.

Полиция не дейді?

Полицияның мәліметінше, аталған факті бойынша қылмыстық іс қозғалған.

“Аталған факті бойынша қылмыстық іс қозғалды. Қазіргі уақытта оқиғаның мән-жайын анықтау үшін барлық қажетті тергеу әрекеттері жүріп жатыр”, – делінген хабарламада.

OpenNews
информационное агентство
Правовая информация

При использовании материалов ссылка на публикацию обязательна.

Информационный материал +18 предназначен для лиц в возрасте от 18 лет и старше.

Контакты

Нашли ошибку в тексте?
Выделите его и нажмите Ctrl + Enter .

Социальные сети

Copyright © 2010-2026. «OpenNews» - информационное агентство.