Бұрынғы жігіті телефонын ұрлап, қыздың атына 2,6 млн теңге несие алған
Русский перевод этой статьи пока не опубликован. Ниже — оригинал на казахском языке.
Ақмола облысында телефон ұрлау және оның иесінің атына заңсыз несие рәсімдеу дерегі бойынша қылмыстық іс тергеліп жатыр. Жәбірленуші — Астананың 23 жастағы тұрғыны, - деп хабарлайды Opennews.kz ақпарат агенттігі.
Полицияның мәліметінше, биыл қазан айында қыздың бұрынғы бірге тұрған жігіті оның телефонын ұрлап, банк қосымшасы арқылы атына 2 650 000 теңге несие рәсімдеген. Қыз өзіне қарыз жүктелгенін кейін білген.
5 қарашада ол полицияға көмек сұрап жүгінген. Телефон ұрлау фактісі бойынша қылмыстық іс қозғалды.
Жедел іздестіру шаралары барысында полицейлер күдіктінің жеке басы мен жүрген жерін анықтады. Сол күні 33 жастағы ер адам полиция бөліміне жеткізіліп, кінәсін мойындаған.
Осы оқиғаға байланысты полиция азаматтарды жеке деректері мен қаржылық қауіпсіздігін қорғауға мұқият болуға шақырды.
«Ұялы телефондарыңызды, құпиясөздеріңізді, PIN-кодтарыңызды және банк қосымшаларына кіру деректерін бөгде адамдарға бермеңіз. Бұл талап жақындарыңызға немесе таныстарыңызға қатысты жағдайларда да сақталуы тиіс. Экранды сенімді құлыппен қорғап, банк қызметтеріне арналған құпиясөздерді ашық жерде сақтамаңыз. Телефон жоғалған немесе ұрланған жағдайда SIM-картаны және банк қосымшаларына қолжетімділікті дереу бұғаттап, болған жағдай туралы полиция мен банкке хабарлаңыз», – деп ескертті полиция.
Қаз
Рус






