Ақтөбеде кафе жарылып, екі адам зардап шекті
Русский перевод этой статьи пока не опубликован. Ниже — оригинал на казахском языке.
13 қарашада Ақтөбе қаласында тұрғын үйдің бірінші қабатында орналасқан кафеде газ-ауа қоспасы жарылды, - деп хабарлайды Opennews.kz ақпарат агенттігі.
Төтенше жағдайлар министрлігінің мәліметінше, оқиға сағат 10:28-де Тәуелсіздік даңғылы, 14/1 мекенжайында болған. Жарылыс бес қабатты тұрғын үйдің бірінші қабатындағы кафеде тіркелген.
Жарылыс салдарынан кафенің жапсарлас салынған құрылымы опырылып, кейін өрт шыққан. Сонымен қатар тұрғын үйдің терезелері зақымданған.
Оқиға орнына Ақтөбе облысы Төтенше жағдайлар департаментінің күштері мен құралдары жедел жеткен. Өрт сағат 10:53-те толық сөндірілді.
Оқиға салдарынан екі адам зардап шегіп, жедел жәрдем бригадасымен ауруханаға жеткізілді. Қаза тапқандар жоқ.
Төтенше жағдайды жою жұмыстарына ТЖД-ның 45 қызметкері мен 10 техникасы жұмылдырылды. Қазіргі уақытта оқиға орнында департамент бастығы жұмыс істеп жатыр.
Жарылыстың себептері мен мән-жайы анықталып жатыр.
Қаз
Рус






