Қоғалыкөлдік жас кәсіпкер ветеринариялық қызмет көрсету орталығын ашты

126

Елімізде кәсіпкерлікпен айналысуға мүмкіндік мол екені белгілі. Сол себепті де өз шаруасымен айналысып жүрген қоғалыкөлдік жас кәсіпкердің жұмысын бастап кетті,- деп хабарлайды «Opennews.kz» ақпарат агенттігі. 

Кәсіптің көзін тапқан Жәнібек Алтынбеков ерекше кәсіпке ден қойған. «Ветеринариялық қызмет көрсету орталығын ашу» жобасы арқылы кәсібін дөңгелетіп отыр.

 

Жас кәсіпкер 2017 жылдан бастап мал бордақылаумен айналысып келеді. Ол өзінің ізденімпаздығының арқасында 2021 жылдың қыркүйек айында жас кәсіпкерлерді қолдау, кіші кәсіпкерлікті дамыту және өндірісті арттыру мақсатында жасалған инновациялық жобаға қатысып, онда ұсынған жобасы бірауыздан мақұлданады. «Ветеринариялық қызмет көрсету орталығын ашу» және өз қаражатынан ветеринариялық дәріхана ашу жобасымен өзі білетін салаға ден қойған.

 

Аталған жоба комиссия мүшелерінің көңілінен шығып, қолдауға ие болады. Талабы таудай жігіттің жобасына 3 млн 400 мың теңге көлемінде қаржы бөлініп, өзі 340 мың теңге қосымша қаражат қосып, жұмысқа білек сыбанып кірісіп кетеді.

«Негізінен, менің мамандығым – тіс дәрігері. Інім Әлібек Алтынбековтің мамандығы – мал дәрігері. Бұл жобаға қатыспас бұрын ініміз екеуміз үлкендермен көп ақылдасып, бірігіп жұмыс жасаудың кілтін таптық. Әуелі інім екеуміз есік алдына кәсіпкерлік мақсаттағы екі бөлмелі нысан салдық. Оның ішін қажетті саймандарымен жабдықтап, жан-жануарлар дәріханасын ашуға дайындадық. Ауылда барлығының қорасында дерлік мал бар. Ірілі-ұсақты мал бағумен айналысатын ауыл халқына енді аудан, облыс орталықтарына барып малға қажетті дәрі-дәрмек түрлерін алудың еш қажеті жоқ. Керекті дәрілер біздің ветеринарлық дәріхананың сөрелерінен табылады. Онымен қоса, қазір жоба аясында ультрадыбыстық зерттеу және рентген аппараттары мен қажетті құрал-саймандарымды алып жұмыс жасаудамыз», - дейді жас кәсіпкер.