RUB (-0.04) 7.66 KZT
USD (-0.45) 468.45 KZT
EUR (+3.42) 489.06 KZT
Қоғам
136

Аяғы ауыр әйел сәбиін перзентхана дәлізіндегі мұздай кафель үстінде босанған

Алматы облысында жүкті келіншек сәбиін перзентхана дәлізіндегі мұздай кафель үстінде босануға мәжбүр болған, деп хабарлайды Opennews.kz ақпарат агенттігі 31 арнаның “Информбюро” бағдарламасына сілтеме жасап.
 Талғар тұрғыны Шәрбану Төлендиеваның айтуынша, толғағы қысып, жаны қиналған сәтте дәрігерлер босану бөлмесіне әкеліп тастап кеткен. Тіпті босанғалы жатқанын айтып, жан ұшыра айқайлап көмекке шақырсам да не акушер, не кезекші дәрігер келмеді деді ашынған әйел.

Сондықтан, амалсыз өзі босанып, шақалақты памперске ораған екен. Ал ақ халаттылар тек нәрестенің жылаған дауысы естілгенде ғана келді деп отыр.


Қолым қан-қан болып, баланы өзім суырып алдым. Өзім памперске орап, жерге қойдым. Бала жылағаннан кейін бәрі келді. Мен “неге келдіңдер, болды, туып алдым ғой дедім”, – дейді Талғар ауданының тұрғыны Шәрбану Төлендиева


Әйел дәрігерлердің салғырттығы салдарынан сәбиімнен айырылып қала жаздадым деп ашынады. Айтуынша, аман-есен босандырып алуы тиіс ақ халаттылар алдымен бір жарым тәуліктей уақыт созып, дәл мерзімі жеткенде тастап кеткен. Ақыры әбден жаны қиналған әйел өзі босаныпты.


Түнгі сағат екіде мені астыдағы босану залына түсірді. Ол жаққа түсіргеннен кейін алтыда бір қарады. Алтыдан кейін мүлде қарамады. Одан кейін босанып жатқанымды айтсам да ешкім қарамады. Сол жерде қиналып жаттым. Шақырдым ешкім келмеді.  Сонда тек сөйлессең ғана қарайтын болып тұр ғой. Сөйлеспесең қарамайтын болып тұр. Мен сөйлесіп үлгермедім”, – дейді Шәрбану Төлендиева


Шәрбану бұл жағдайдың осымен екінші рет қайталанып тұрғаны жаныма батты дейді. Айтуынша, тұңғышын дүниеге әкелгенде де дәрігерлер иығын сындырып жіберген екен. Оны да нәресте мазасыздана берген соң дәрігерге көрсетіп анықтаған. Бірақ ол кезде ақ халаттылар қатесін мойындап кешірім сұрады дейді. Ал бұл жолы үндемей құтылмақ деп ашулы.


Сондықтан жұмысына немқұрайлы қараған қызметкерлер жауапқа тартылуын талап етіп отыр. Алайда перзентхана әкімшілігі келіншектің айтқанын жоққа шығарып отыр. Айтуынша, осы оқиғадан кейін қызметтік тексеру өткізіп, акушерлерден сұрақ алынған. Олар бұл жайтты мүлде басқаша баяндапты. Яғни, келіншекті босандандыру бекітілген хаттамаға сәйкес жүргізілген.


Акушер ертіп алып келіп, жатпай күшеніп жатқан кезінде "кел, жат, жат" деп жатқызып өзім босандырып алдым деді. Аурухана болғандықтан бұл жерде бала шетінеп кету оқиғалары болады. Аурухана болғандықтан әр түрлі жағдайлар болады”, – дейді перзентхана бөлімінің меңгерушісі Эльвира Талғатқызы.

Перзентхана әкімшілігі дау бастаған әйел өз сөзін дәлелдегісі келсе, болған оқиғаны бүкпесіз баяндап, арыз жазсын деді. Тек сонда ғана шағым бойынша қызметтік тексеріс жүргізіледі.