Сыр еліне келген Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаевтың жұмыс сапары

194

Сыр еліне Оқу-ағарту министрі іс-сапармен келді,- деп хабарлайды «Opennews.kz» ақпарат агенттігі.

ҚР Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаевтың Сыр өңіріне жұмыс сапары облыс орталығында қорытындыланды. Білім беру ұйымдарының жұмысымен танысып, саланың өзекті мәселелерін саралаған министр мен облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев бүгін 2023-2029 жылдарға арналған Қызылорда облысының білім беру жүйесін дамытудың өңірлік Жол картасына қол қойды.

Жиында аймақ басшысы Ғани Бектайұлының жұмыс сапары білім саласына оң серпін беретініне, министрліктің қолдауымен маңызды мәселелердің шешім табатынына сенім білдірді.

«Соңғы жылдары Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлының бастамасымен еліміздің білім саласында ауқымды реформалар жүзеге асырылды. Білім сапасын арттыруда, педагогтарды әлеуметтік қолдауда тың бастамалар қолға алынды. Бұл саланың сапа тұрғысынан өркендеуіне жасалған ерекше қамқорлық деп білеміз. Білім - күнделікті жүйелі жұмысты талап ететін күрделі әрі ауқымды сала. Оның маңызды құрамы – қаражат мәселесі.

Биыл білім саласына бөлінген қаржы 262 млрд. теңгеге жетіп, облыс бюджетінің 44,2%-ын құрады. Бұл көрсеткіш былтырғы жылмен салыстырғанда 17%-ға артқан. Тиісінше, біз алдағы жылдары  салаға бағытталған қаржы көлемін арттыра береміз. Білімге жұмсалған қаржы — болашаққа салынған инвестиция. Балаларымыздың болашағы бәрінен де маңызды, ол үшін барлық қажетті шараларды қабылдау —біздің басты міндетіміз», - деді облыс әкімі.

Айта кетейік, өңірлік Жол картасы білім беру процесінің 8 бағыты бойынша жасақталған 107 іс-шараны қамтиды. Бұл құжат  бойынша алдағы 7 жылда жергілікті, республикалық және инвесторлар қаржысы есебінен проблемалық мәселелер өз шешімін таппақ. Атап айтқанда, мектепке дейінгі білім беретін 12  ұйымға күрделі, 160 нысанға ағымдағы жөндеу жүргізіледі. Жоғары оқу орындары базасында мектепке дейінгі білім беру ұйымдары педагогтарын қайта даярлау, біліктілігін арттыру қолға алынады. 80 балабақша компьютерлік техника мен интерактивті панельдермен, 40 балабақша  ойын алаңдарымен жарақталып, шағын сәулет нысандары жаңартылады. Үш ауысыммен білім беру, орын тапшылығы мәселелері шешіліп, «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы шеңберінде 15 100 орындық 21 мектеп құрылысы жүргізіледі. Сонымен бірге, "Білім беру инфрақұрылымын дамыту" қоры есебінен жаңадан 10 мектеп  салынады.

Еске салсақ, Үкімет басшысының Сыр еліне сапары кезінде 300 орындық жатақханасы бар 400 орынға лайықталған физика-математика бағытындағы мектеп-интернат салу жобасы қолдау тауып, құрылысы басталуда.  Білім ошақтарына 447 робототехника, химия, биология физика, математика, STEAM пәндік кабинеттері сатып алынып,  әдістемелік көмек көрсету үшін «Назарбаев зияткерлік мектептері» АҚ-мен бірлесіп «Жетекші мектептер» жобасы іске асырылады.

Қызылорда қаласында ерекше мүмкіндіктері бар балалар үшін 1 психологиялық– медициналық - педагогикалық консультация, 14 инклюзивті білім беру кабинеті ашылады. Ең бастысы,  2023 жылдан бастап бастауыш сынып оқушыларын түгелдей тегін ыстық тамақпен қамтамасыз ету өз шешімін тапты. Бұл алдағы жылдары да  жалғасады.

ҚР ОҚУ-АҒАРТУ МИНИСТРІ ҚАЗАЛЫЛЫҚ БАТЫР БАЛАНЫ МАРАПАТТАДЫ

ҚР Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев Қызылорда облысына жұмыс сапары аясында Қазалы ауданындағы «Бала тәрбиесі – баршамызға ортақ міндет» атты бірлескен кеңес отырысына қатысып, кішкентай балаларды өрттен құтқарған оқушы Жансерік Әбілқасымұлын және оның ата-анасы мен сынып жетекшісiн Алғыс хатпен марапаттады.

Ведомство басшысы өскелең ұрпақ тәрбиесінің  маңызын атап өтіп, әртүрлі салада үздік нәтиже көрсеткен жастарға «Ел үміті» медалі табысталатынын жеткізді.

«Алдағы уақытта түрлі салада үздік нәтижеге қол жеткізіп, ел мақтанышына айналған жастарды «Ел үміті» медалімен марапаттаймыз. Оларды тәрбиелеген ата-анасы да «Мейірім» медалімен марапатталады, сынып жетекшілеріне де құрмет көрсетіліп, арнайы марапаттар табысталмақ», – деді министр.

Еске салсақ, жуырда  Ғ.Мұратбаев атындағы №17 орта мектебінің 4 сынып оқушысы Жансерік Әбілқасымұлы өртенген үйден бесіктегі сәби мен 2 баланы аман алып шыққан болатын.

 ҚАЛАЛЫҚ МЕКТЕП ОҚУШЫЛАРЫН ТАСЫМАЛДАЙТЫН 19 АВТОБУС ТАБЫСТАЛДЫ


ҚР Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаевтың Сыр өңіріне жұмыс сапары облыс орталығында қорытындыланды. Ведомство басшысы Қызылорда қаласындағы бірқатар білім беру ұйымының жұмысымен танысып, облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаевпен бірге оқушыларды тасымалдайтын 19 автобусты табыстады.

Алдымен министр «Бегім Ана» бөбекжай-бақшасына барды. 280 орындық балабақшада 76 қызметкер, оның ішінде 36 педагог жұмыс істейді. Мұнда бүлдіршіндердің жан-жақты дамуына арналған «Мобилді кітапхана», «STEAM» дамытушы орталығы, "KIDS City" балалар ойын қалашығы, «Ұлттық ойындар алаңы» дамытушы орталықтары бар. Ведомство басшысы  кабинеттерді аралап,  күні бойы бір топта екі тәрбиеші болатын "Айгөлек" пилоттық жобасымен танысты.

Әрі қарай Ғани Бейсембаев Б. Момынбаев атындағы №278 IT мектеп-лицейіне барды. Мектепте оқушылар білім алғаннан бөлек, «Hitech» шеберханасы» сандық бағдарламасымен басқарылатын термопресте, төсбелгі дайындайтын білдекте, 3D  станоктарда түрлі операция жасайды. Осылайша өзін заман талабына сай дамыта алады.

Мұнан әрі мектеп ауласында оқушыларға арналған автобустарды табыстау рәсімі өтті. Салтанатты іс-шараға ардагерлер мен білім саласының қызметкерлері қатысты.

Аймақ басшысы жаңа көлік алған мектеп ұжымдарын құттықтады.

«Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлының «Орта білімнің сапасы – табысты ұлт болудың маңызды шарты. Әрбір оқушының білім алып, жан-жақты дамуы үшін қолайлы жағдай жасалуға тиіс» деген тапсырмасы саланы дамыту бағытына батыл қадам қосты. Президент қолдауымен соңғы жылдары еліміздің білім саласында ауқымды реформалар бастау алды. Педагог мәртебесін көтеруде көп жұмыс атқарылды. Оның ішінде, Сыр өңірінің білім саласында ауқымды жобалар жүзеге асуда.

Біз адами капиталды дамыту және білім саласын жетілдіру мемлекеттің негізгі міндеттерінің бірі екенін әрдайым айтып жүрміз. Бүгін, міне, көптен күткен ақжолтай жаңалық - Президенттің балаларды тасымалдауды ұйымдастыру тапсырмасына сәйкес, облысқа бөлінген жаңа үлгідегі автобустарды тапсырудамыз. Көп жылдан бері өзекті болған тасымал мәселесі Мемлекет басшысының, Үкіметтің пәрменімен оң шешімін тапты.  Бұл — көптен күткен қуаныш», - деді облыс әкімі.

Айта кетейік, бұған дейін өңірдегі 7 ауданда, мектебі жоқ 21 елді мекенде оқушыларды мектепке қауіпсіз тасымалдау өзекті болатын. Осыған орай мектептерді автобустармен жарақтандыру жөніндегі Жол картасы жасалып, 30 жаңа автобус алынды. Сыйымдылығы 20 және 40 орынға шақталған бұл автобустардың техникалық сипаттамасы заманауи талаптарға сай, көлікте қауіпсіздік талаптары толықтай ескерілген.

Сапар соңында ҚР Оқу-ағарту министрі Т. Есетов атындағы №264 мектеп-лицейінің обсерватория, киностудия, BIOMASTER, BIOFLOWERS, STEM лаборатория кабинеттерін аралап көрді. «Ғылыми идеялар аллеясы» жұмысымен танысты. Облыстағы білім беру ұйымдары басшыларымен кездесіп, саладағы өзекті мәселелерді талқылады.

ЖАС ҰРПАҚҚА БІЛІМ МЕН ТӘРБИЕ ҚАТАР БЕРІЛУІ КЕРЕК

ҚР Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаевтың Қызылорда облысына жұмыс сапары Қазалы, Жалағаш аудандарында жалғасты.

Қазалы ауданындағы Р.Бағланова атындағы аудандық мәдениет орталығында ведомство басшысы мен облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев білім саласы, құқық қорғау органдары қызметкерлерімен,зиялы қауым өкілдерімен және ата-аналармен кездесті. Кәмелетке толмағандар арасындағы құқықбұзушылықтың алдын алу мәселесі бойынша «Бала тәрбиесі – баршамызға ортақ міндет»атты бірлескен кеңес отырысына қатысты. Жиында Қызылорда облыстық полиция департаменті бастығының міндетін атқарушы Шамшидин Амитов, облыстық білім басқармасының басшысы Мейрамбек Шермағамбет және аудан әкімі Мұхтар Оразбаев баяндама жасап, ұстаздар мен ата-аналар өз пікірлерін білдірді.

Аймақ басшысы тәрбие ісіндегі басты бағдар балалардың құқық бұзушылыққа бармауын қатаң қадағалау екенін, бұл орайда атқарылуы тиіс іс-шараларды атап өтті.

«Қызылорда қаласы мен аудан әкімдері, облыстық білім басқармасының және облыстық полиция департаментінің басшылығы оқу орындары басшыларымен бірлесе отырып, балаларға қатысты зорлық-зомбылықты, олардың өзара қарым-қатынасындағы келеңсіздікті болдырмауға бағытталған жедел жұмыстарды күшейтуі тиіс. Ол үшін оқушылардың бос уақыты дұрыс әрі пайдалы етіп ұйымдастырылуы керек. Жастар орталықтарымен бірлесіп, құқықбұзұшылыққа бейім оқушыларды қоғамдық шараларға, мектеп жанындағы спорт, музыка, өнер үйірмелеріне кеңінен тарту жемісін береді. Сот, прокуратура және полиция өкілдерін шақыртып, жауапкершілік, жасөспірімдер жасаған қылмыстар мен тәртіп бұзушылықтардың салдары туралы оқу сағаттарын ұйымдастырсын.Балалар құқықбұзушылыққабармауы үшін белсенді азаматтар, ардагерлер, ата-аналар комитеті, білім саласына жанашыр депутаттар ортақ іске азаматтық тұрғыда үн қосуы тиіс», – деді облыс әкімі.

Байқоңыр қаласына аялдаған ҚР Оқу-ағарту министрі осындағы №277 мектеп-лицейінде ұстаздар қауымымен пікірлесті. Байқоңыр қаласына арнайы бағдарлама жасауды тапсырып, бітіруші түлектерге грант бөлу мәселесін шешуқажеттiгiн атап өтті.

Әрі қарай ведомосво басшысы мен облыс әкімі Жалағаш ауданындағы Таң ауылына барды. Ауылдағы №118 мектеп ұжымымен кездесіп, жаңа автобус табыстады. Еске салсақ, Қызылорда облысы әкімінің қолдауымен аймақтағы ауыл мектептері 30 жаңа автобуспен толығады. Бұл балаларды мектепке және үйлеріне қауіпсіз тасымалдауды қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Көліктер 20 және 40 орынға шақталған. Мектеп автобустарының техникалық сипаттамалары барлық талаптарға сәйкес келеді. Қауіпсіздік белдіктері, апатты жағдай туындағандағы шығу жолы, жылдамдық шектегіштер мен сәйкестендіру белгілері бар, автобуста бала қалған жағдайда белгі беретін жүйемен жабдықталған.

ҚР Оқу-ағарту министрі Сыр өңірінің білім беру нысандарын аралады

Бүгін Қызылорда облысына арнайы жұмыс сапарымен келген ҚР Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаевпен бірге Жаңақорған, Шиелі аудандарында білім беру нысандарының жұмысымен танысты. Білім саласындағы сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес жөнінде мәжіліс өткізді.

Алдымен ведомство басшысы Жаңақорған ауданындағы «Талдысу» облыстық олимпиадалар және қосымша білім беру орталығының жұмысымен танысып, осында білім алып жатқан «Сыр дарыны» академиясының оқушыларымен кездесті. 320 орындық орталықта 55 қызметкер бар, нысан 2011 жылы пайдалануға берілген.

М.Көкенов атындағы мәдениет үйінде білім саласындағы сыбайлас жемқорлықтың алдын алу бойынша мәжіліс  өтті. Оған Қызылорда қаласы мен барлық аудандардың әкiмдерi және білім беру ұйымдарының басшылары онлайн форматта қатысты. Мәжілісте білім саласындағы сыбайлас жемқорлықтың алдын алу және тәуекелдерін болдырмау туралы екі мәселе қаралды.

Күн тәртібіндегі мәселелер бойынша облыстық білім басқармасының басшысы Мейрамбек Шермағанбет, Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі облыс бойынша департаменті басшысының бірінші орынбасары Асылхан Ашиков, Оқу-ағарту министрлігі білім саласындағы сапаны қамтамасыз ету комитетінің төрағасы Ернұр Дәуенов бейнебайланыс арқылы хабарлама жасады.

Жиынды қорытындылаған ҚР Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев талқыланған мәселелер бойынша өз пікірін білдіріп, Сыр өңірінде атқарылған жұмыстарға оң баға бердi. "Министрлік білім алушылардың білім сапасы бойынша мониторинг жүргізген болатын. Мониторинг қорытындысымен Қызылорда облысы  республикада бірінші орынға шықты",  — деп атап өтті министр.

Мұнан бөлек, Ғани Бейсембаев Жаңақорған кентіндегі № 110 мектеп-лицейін аралап, мектеп ұжымына жаңа автобустың кілтін табыстады. Айта кетейік, Қызылорда облысы әкімінің қолдауымен аймақтағы ауыл мектептері 30 жаңа автобуспен толығады. Бұл балаларды мектепке және үйлеріне қауіпсіз тасымалдауды қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Көліктер 20 және 40 орынға шақталған. Мектеп автобустарының техникалық сипаттамалары барлық талаптарға сәйкес келеді. Қауіпсіздік белдіктері, апатты жағдай туындағандағы шығу жолы, жылдамдық шектегіштер мен сәйкестендіру белгілері бар, автобуста бала қалған жағдайда белгі беретін жүйемен жабдықталған.

Әрі қарай министр Шиелі ауданындағы Ы.Алтынсарин атындағы № 219 орта мектепке барып, білім саласында атқарылып жатқан жұмыстармен танысты. Мектеп ғимаратын аралап, асханасы мен спорт зал ішіндегі спорт үйірмелерінің жетістіктерін тамашалады. Мектеп музейін, кітапханасын және демеушілер есебінен жабдықталған акт залын аралап көрді. Білім ошағында Жаңақорған, Шиелі аудандарының педагог-шебер, зерттеуші ұстаздарымен кездесу ұйымдастырылып, саланың өзекті мәселелері талқыланды.