Ауыл шаруашылығы – Сырдария ауданы экономикасының басты тірегі
Ауыл шаруашылығы – өңір экономикасының қозғаушы күші
Сырдария ауданында ауыл шаруашылығы саласы – әлеуметтік-экономикалық дамудың негізгі тіректерінің бірі. Өңірдің табиғи-климаттық ерекшелігі егін және мал шаруашылығын қатар дамытуға қолайлы жағдай жасап отыр. Осы бағытта қабылданған мемлекеттік бағдарламалар мен жергілікті бастамалардың нәтижесінде агросекторда тұрақты өсім мен оң серпін байқалуда, - деп хабарлайды "Opennews.kz" ақпарат агенттігі.
2025 жылдың алғашқы алты айының қорытындысы бойынша, ауыл шаруашылығы өнімінің жалпы көлемі 3 млрд теңгені құрап, өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 3,1 пайызға артты. Бұл – аудан еңбеккерлерінің тынымсыз еңбегі мен жүйелі мемлекеттік қолдаудың нақты нәтижесі.
Көктемгі егіс жұмыстары табысты өтті
Аудан диқандары биыл 33 мың гектар жерге ауыл шаруашылығы дақылдарын орналастырып, толық күтімге алды. Оның ішінде, негізгі дақыл – күріш 19 950 гектарға егілді. Сонымен қатар, жаздық бидай, арпа, жоңышқа және көкөніс-бақша өнімдерінің алқаптары да ұлғайтылып отыр.
Өңір басшысының тапсырмасына сәйкес, азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету және халықтың өзін-өзі көкөніспен қамтуын арттыру мақсатында 175 гектар қосымша жер дайындалып, бұл жерлерге 780 отбасы бақша дақылдарын егіп, еңбекке белсене араласуда. Айта кету керек, Айдарлы, Жетікөл, Аманкелді, Бесарық, Шіркейлі, Асқар Тоқмағамбетов ауылдарындағы жастар бригадаларының белсенділігі ерекше атап өтуге тұрарлық.
«Ауыл аманаты» жобасы – ауылдық кәсіпкерліктің тірегі
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасымен іске қосылған «Ауыл аманаты» жобасы – ауыл тұрғындарының табысын арттыруға, кәсіпкерлікті дамытуға және ауылда жаңа жұмыс орындарын ашуға бағытталған маңызды бастама. Бұл жобаның арқасында аудан тұрғындары төмен пайызбен несие алып, өз кәсібін дөңгелетуге мүмкіндік алды.
Өткен жылы бағдарлама аясында 14 жобаға 175,1 млн теңге бөлініп, әртүрлі бағыттағы кәсіп иелері қолдау тапты. Ал 2025 жылдың басынан бері тағы да 9 жобаға 55,8 млн теңге көлемінде қаржы бөлінді. Нәтижесінде, ауылдық жерде 35 жаңа жұмыс орны ашылып, елді мекендердің әлеуметтік-экономикалық белсенділігі арта түсті.
Болашағы зор сала – жан-жақты қолдауда
Салада мал шаруашылығын дамыту, суармалы егіншілікті ұлғайту, агротехнологияларды жетілдіру сынды бағыттарда жұмыстар жүргізілуде. Сонымен қатар, ауыл шаруашылығындағы еңбек өнімділігін арттыру, техника паркін жаңарту, субсидиялау жүйесін жетілдіру де күн тәртібінде.
Сырдария ауданы агросалада жеткен жетістіктерімен тоқтап қалмай, өнімділікті еселеп, ауыл тұрғындарының әл-ауқатын арттыру бағытында жұмыстарды жүйелі жалғастыруда. Жергілікті билік пен еңбекқор диқандардың ортақ мақсаты – сапалы өнім өндіріп, ел экономикасына үлес қосу.







