Сырдария ауданында «Жарнама – тіл тазалығының көрінісі» атты мазмұнды байқау ұйымдастырылды
Мемлекеттік тілдің қолданыс аясын кеңейту, көрнекі ақпараттар мен жарнама мәтіндерінде тіл нормаларын сақтау – бүгінгі қоғам алдында тұрған маңызды міндеттердің бірі. Осы орайда Сырдария ауданында «Жарнама – тіл тазалығының көрінісі» атты мазмұнды байқау ұйымдастырылып, оған аудан кәсіпкерлері белсене қатысты, - деп хабарлайды "Opennews.kz" ақпарат агенттігі.
Іс-шараға аудан әкімінің орынбасары Димаш Серікбайұлы қатысып, мемлекеттік тілдің мәртебесін көтеру бағытындағы бастамаларға қолдау білдірген кәсіп иелеріне ризашылығын жеткізді. Байқау қорытындысы бойынша қатысушылар «Алғыс хаттармен» және бағалы сыйлықтармен марапатталды.
– Мемлекеттік тіл – біздің рухани тұтастығымыздың тірегі. Бұл байқау – тек тіл тазалығын сақтау шарасы ғана емес, сонымен қатар ұлт мәдениетіне деген құрметтің жарқын көрінісі. Бүгінде жарнама – қоғамның барлық саласына еніп, көпшілікке әсер ететін негізгі құралдардың бірі. Сондықтан ондағы тілдің дұрыстығы мен көркемдігі – басты назарда болуы тиіс, – деді аудан әкімінің орынбасары.
Байқаудың басты мақсаты – аудан кәсіпкерлері арасындағы жарнама мәтіндерінде мемлекеттік тілдің сапалы әрі сауатты қолданылуын қамтамасыз ету, тіл мәдениетін қалыптастыру және үздік жарнама үлгілерін насихаттау болды.
Кәсіпкерлер өз өнімдеріне әзірлеген қазақ тіліндегі жарнама мәтіндерін, өнім жапсырмаларын және көрнекі ақпарат материалдарын ұсынды. Қатысушылар қатарында бал, сабын, ұлттық киім, тағам және құрылыс өнімдерін өндіруші кәсіп иелері болды. Олардың әрқайсысы жарнамада тіл тазалығына деген құрметтерін нақты жұмыстарымен көрсете білді.
Байқауға ұсынылған жұмыстарды халықаралық «Қазақ тілі» қоғамының Сырдария аудандық филиалының төрағасы Шаһарбек Нұрсейіт Балтабайұлы бастаған қазылар алқасы бағалады. Қазылар тілдік сауаттылықпен қатар жарнаманың эстетикалық тұрғыдан безендірілуіне, мағыналық үйлесімділігіне, мазмұндық нақтылығына да ерекше назар аударды.
– Жарнамадағы тіл мәдениеті – елдік пен ұлттық болмыстың айнасы. Әрбір жарнама – халықпен байланыс құралы ғана емес, тіл тазалығының, көркемдігі мен құндылығының көрсеткіші. Бүгінгі байқауда ұсынылған материалдардан кәсіпкерлердің бұл мәселеге байыппен қарап, үлкен жауапкершілікпен келгенін байқадық, – деді Шаһарбек Балтабайұлы.
Байқау қорытындысы бойынша тілдік сауаттылығы жоғары, мазмұны тартымды әрі сапалы безендірілген жарнама материалдары үздік деп танылып, жүлдегерлер марапатталды. Ұйымдастырушылар бұл шараның бір реттік акция емес, ұдайы жалғасатын дәстүрлі байқауға айналуына мүдделі екенін жеткізді.
Аталған байқау – мемлекеттік тілдің жарнама саласындағы қолданысын жүйелеуге, сапасын арттыруға бағытталған нақты әрі нәтижелі бастама. Сонымен қатар ол тілді құрметтейтін кәсіпкерлерді ынталандырып, өнеге көрсететін платформаға айналды.