Жүкті әйел бұрынғы күйеуін балағаттағаны үшін моральдық өтемақы төлейтін болды
Шымкенттік әйел WhatsApp арқылы бұрынғы жұбайына бірнеше "ауыр" хабарлама жіберген, - деп хабарлайды "Opennews.kz" ақпарат агенттігі.
Бұған ер адамның үлкен қызын тым қатал "тәрбиелеуі" себеп болған. Кейін ер адам әйелінің атына сотқа арызданып, шағымданған.
Мәліметтерге сенсек, Шымкенттің қылмыстық сотына 36 жастағы жергілікті тұрғыннан арыз түсті. Жәбірленушінің адвокаты дайындаған жеке айыптау шағымында былтырғы мамырдан желтоқсанға дейін жауапкер WhatsApp мессенджері арқылы бұрынғы күйеуінің нөміріне 13 балағат сөз жазылған хабарлама жіберіп, "басқа адамның ар-намысы мен қадір-қасиетін қорлап, әдепсіз түрде тіл тигізгені" көрсетілген.
Дәлел ретінде сотқа скриншоттар мен хат-хабарлардың көшірмесі ұсынылған. Жәбірленуші моральдық шығын ретінде 500 000 теңге, сондай-ақ адвокат, нотариус және басқа да процессуалдық шығындарды өтеуді талап етті. Әйел Қылмыстық кодексінің 131-бабы, 1-бөлігі бойынша жауапқа тартылды. Сот барысында айыпталушы бұрынғы күйеуінен 13 жастағы қызы бар екенін, бірақ ол қызын асырап-бағуға қатыспайтынын және материалдық көмек көрсетпейтінін айтты. Бір күні ол қызының сабақтан жиі қалатынын және өзінен әлдеқайда үлкен жігітпен кездесіп жүргенін біліп, бұрынғы күйеуінен қызымен әңгімелесуді сұраған. Әкесі кешке келіп, қызымен көпқабатты үйдің ауласында кездескен, сол жерде оны бірнеше рет басынан ұрған. Анасының айтуынша, бала дене жарақатын алған.
Сот психолого-филологиялық сараптамасының қорытындысы бойынша, айыпталушының жазбаларында жәбірленушінің ар-намысы мен қадір-қасиетіне нұқсан келтіретін әдепсіз сөздер бары анықталды.
Жәбірленуші татуласудан бас тартты және айыпталушыны кешірмеді. Сот әйелді кінәлі деп танып, оған 5 айлық есептік көрсеткіш көлемінде, яғни 18 460 теңге айыппұл салды. Сондай-ақ моральдық өтемақы ретінде 50 000 теңге төлеуді міндеттеді. Бұдан бөлек, айыпталушы адвокат қызметінің шығынын (150 000 теңге), процессуалдық шығындарды (141 400 теңге) және мемлекеттік баж салығын (3 414 теңге) өтеуі керек. Сонымен қатар жәбірленушілерге өтемақы төлеу қорына жаңа 5 айлық есептік көрсеткіш бойынша (19 660 теңге) көлемінде міндетті төлем енгізуі қажет.
Сот шешімі заңды күшіне енгеннен кейін, үкімді өз еркімен орындауға әйелдің бір ай уақыты бар. Ол апелляциялық шағым түсіруге үміттене алады.