"ҚазМұнайГаздың" директорлар кеңесіндегі соңғы шетелдік қызметінен кетті
"ҚазМұнайГаз" ұлттық компаниясының директорлар кеңесінде қызмет еткен соңғы шетелдік Филип Холланд өкілеттігін мерзімінен бұрын тоқтатты. Бір қызығы, ол қызметінен кетерден бір күн бұрын ғана директорлар кеңесінің жаңа құрамына қайта сайланған,- деп хабарлайды Оpennews.kz ақпарат агенттігі "Нефть и Газ Казахстана" Telegram-арнасына сілтеме жасап.
Арна мәліметінше, 13 тамызда "ҚазМұнайГаз" акционерлерінің кезектен тыс жалпы жиналысы өтіп, директорлар кеңесінің жаңа құрамы үш жылға сайланған. Филип Холланд та тәуелсіз директор ретінде орнын сақтап қалған. Алайда арада бір күн өткенде, 14 тамызда Холланд өз бастамасымен директорлар кеңесінен шығатынын мәлімдеген. "ҚазМұнайГаз" оның өтінішін дәл осы күні алған.
Осылайша, Холландтың кетуімен "ҚазМұнайГаздың" директорлар кеңесінде бірде-бір шетелдік азамат қалмады. 2025 жылдың соңындағы дерек бойынша, кеңестегі тоғыз адамның сегізі Қазақстан, ал Холланд Ұлыбритания азаматы болған.
Айта кетейік, "Нефть и Газ Казахстана" арнасының жазуынша, "ҚазМұнайГаздың" директорлар кеңесіне шетелдік мамандардың көптеп келуі 2014 жылы басталған. Бірнеше жылдан кейін кеңестегі жеті адамның төртеуі шетелдік болған.
Бұдан бөлек, арна шетелдік директорларға төленген сыйақы мәселесіне де назар аударған. Олардың мәліметінше, 2019 жылы шетелдік директорлардың тұрақты сыйақысы жылына 150 мың доллар болған. Ал сол кездегі директорлар кеңесінің төрағасы Кристофер Уолтон бір жылда 370 мың доллар алған.
Дегенмен Филип Холландтың жаңа құрамға қайта сайланғаннан кейін бір күн өткен соң не себепті кетуге шешім қабылдағаны айтылмады. Компанияның ресми хабарламасында оның директорлар кеңесінен шығу туралы шешім қабылдағаны ғана көрсетілген.
Қаз
Рус






