Махамбет батыр кесенесі – сәулет өнерінің үлгісі

606
Қазақтың ержүрек батыры, ақберен ақыны Махамбет Өтемісұлының кесенесі Атырау облысы, Индер ауданы, Жерсуат елді-мекенінен оңтүстік-шығысқа қарай 50 км жерде орналасқан. Авторы – сәулетші Көпбол Демесін. Кесененің 1995 жылы кірпіші қаланған. Кесене төбесі күмбезбен жабылып, қондырма барельефпен безендірілген мазардың биіктігі 12 метрден асады. 
Оның қабырғасы бетоннан, ішкі-сыртқы өрнегі ақ ұлутаспен қапталған. Төбесі бетоннан құйылған күмбез деседі. Есігі ағаштан жасалып, лакталған кесенеге кірер тұста оюланған арканы көре аламыз. Мазарға кіре берістегі баспалдақ жанына биіктігі 1 метр, қалыңдығы 0,5 метр ұлутаспен қапталған жақтау салынған.
Мұнара кең даланың төсінде алыстан көзге ұрынып, өршіл ақынның бейнесіндей сағымдайды. Ақ тастан ескі шығыс сәулет үлгісімен бой көтерген тарихи ескерткіш бүгінде көпшілік келетін киелі жердің біріне айналған. Сәулетті кесене қазір Қазақстанның киелі нысандарының қатарынан көрініп, мемлекеттік қорғауға алынып отыр.