Жас дзюдошылар әлемдік додада ел абыройын асқақтатты
Қазақстан құрамасы Эквадордың Гуаякиль қаласында ұйымдастырылған дзюдодан жасөспірімдер арасындағы әлем чемпионатында ел тарихындағы айтулы нәтижелердің біріне қол жеткізді. Ұлттық құрама аралас командалық бәсекеде алғаш рет әлем чемпионы атанды, - деп хабарлайды Opennews.kz ақпараттық агенттігі.
Қазақстандық спортшылар жекелей жарыстарда да жоғары нәтиже көрсетіп, жалпы есепте 3 алтын, 3 күміс және 4 қола медаль жеңіп алды. Осылайша ел қоржынына барлығы 10 жүлде түсті. Командалық есепте Қазақстанның ұлдар құрамасы бірінші орынға көтерілсе, қыздар командасы екінші орыннан көрінді.
Чемпионаттағы тағы бір тарихи жетістік - Фатима Супығалиеваның есімімен байланысты. Ол жасөспірімдер арасында әлем чемпионы атанған алғашқы қазақстандық қыз дзюдошы ретінде тарихқа енді.
Туризм және спорт министрлігінің мәліметінше, мұндай нәтижеге спортшыларды даярлау жүйесін жаңғырту бағытындағы жұмыстардың арқасында қол жеткізілген. Париж Олимпиадасынан кейін жасөспірімдерден бастап жастар және ұлттық құрамаға дейінгі дайындық үдерісін біртұтас жүйеге біріктіру жұмыстары басталған.
Бұл бағытта отандық мамандар Эцио Гамба бастаған шетелдік сарапшылармен бірлесіп жұмыс жүргізуде. Жаңа жүйе спортшылардың дайындығын ғылыми тұрғыдан талдауды, функционалдық жағдайын бақылауды, жаттығу жүктемесін жеке жоспарлауды, сондай-ақ спорттық медицина мен қалпына келу үдерістерін қамтиды.
Туризм және спорт министрі Ербол Мырзабосыновтың айтуынша, жасөспірімдер арасындағы әлем чемпионатындағы нәтиже жаңа дайындық моделінің алғашқы нақты көрсеткіштерінің бірі.
«Біз жасөспірімдерден бастап Олимпиада ойындарына дейін жалғасатын бірыңғай даярлық жүйесін қалыптастырудамыз. Аралас командалық жарыстағы алтын және жекелей бәсекелердегі 10 медаль — атқарылған жұмыстың нақты нәтижесі. Енді бұл тәжірибені өзге де спорт түрлеріне кезең-кезеңімен енгізу маңызды», – деді министр.
Ведомство алдағы уақытта спортшыларды даярлаудың осы моделін бокс, күрес, семсерлесу және басқа да спорт түрлерінде қолдануды жоспарлап отыр.
Қазақстандық жас дзюдошылардың Гуаякильдегі жетістігі ел спортының болашағы үшін маңызды көрсеткіш болып, халықаралық татамиде жаңа есімдердің қалыптасып келе жатқанын көрсетті.
Қаз
Рус






