Демеу Жадыраев Азия ойындарына барады
Париж Олимпиадасының финалисі, грек-рим күресінің шебері Демеу Жадыраев 2026 жылғы Азия ойындарында Қазақстан намысын қорғайды, - деп хабарлайды Opennews.kz ақпарат агенттігі.
19 қыркүйек пен 4 қазан аралығында Жапонияның Айти префектурасы мен Нагоя қаласында Азия ойындары өтеді. Қазақстан құрамасының ресми тізімі әзірге жарияланған жоқ. Дегенмен, Sportarena.kz мәліметінше, Демеу Жадыраев құрлықтық додада 77 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде белдеседі.
Бұл 36 жастағы балуанның мансабындағы алғашқы Азия ойындары болмақ.
Енді Жадыраевтың Азия ойындарынан кейін әлем чемпионатына қатысу-қатыспауы басты сауалға айналып отыр. Биылғы әлем біріншілігі 24 қазан мен 1 қараша аралығында Астанада өтеді. Екі ірі жарыстың арасы қысқа болғандықтан, балуанның толық қалпына келіп үлгеруі маңызды фактор болмақ.
Соңғы жарыстардағы нәтижелері де біркелкі емес. 2025 жылғы әлем чемпионатында 77 келіде бесінші орын алған Жадыраев 2026 жылы 82 келіге ауысып, Zagreb Open және Muhamet Malo турнирлерінде тоғызыншы, Польшадағы халықаралық жарыста жетінші орын иеленді. Ал Германия Гран-приінде алтын медаль жеңіп алды.
Сондықтан Астанадағы әлем чемпионатына қатысатын құрам жөніндегі соңғы шешімді Қазақстан құрамасының бапкерлер штабы қабылдайды.
Демеу Жадыраев 1989 жылғы 2 қарашада Алматы облысының Үшарал қаласында дүниеге келген. Жеке бапкері – Боранбек Қоныратов.
Ол Азия чемпионаттарының үш дүркін қола жүлдегері (2015, 2019, 2021), 2017 жылғы әлем чемпионатының күміс жүлдегері және 2018 жылғы Азия чемпионатының финалисі. Токио Олимпиадасына қатысып, 2024 жылғы Париж Олимпиадасында 77 келі салмақта күміс медаль жеңіп алды.
Қазіргі таңда Жадыраев әлемдік рейтингте 77 және 82 келі салмақ дәрежелерінде тоғызыншы орында тұр.
Қаз
Рус






