Джеки Чан Қазақстанда жаңа фильмінің түсірілімін бастады

2 507

Фото: ©gov.kzАлматыда белгілі актер Джеки Чанның қатысуымен түсірілетін Armour of God: Ultimatum халықаралық көркем фильмінің өндірісі ресми түрде басталды,- деп хабарлайды Opennews.kz ақпараттық агенттігі nege.kz сайтына сілтеме жасап.

Салтанатты іс-шараға премьер-министрдің орынбасары – мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева, Алматы қаласының әкімі Дархан Сатыбалды, Алматы облысының әкімі Марат Сұлтанғазиев, сондай-ақ қазақстандық және халықаралық киноиндустрия өкілдері қатысқан. Аида Балаева Джеки Чанды Қазақстандағы түсірілімнің басталуымен құттықтап, оның Қазақстан мен Қытай арасындағы мәдени-гуманитарлық байланыстарды дамытуға қосып отырған үлесін жоғары бағалады.

«Қазақстан мәдениетін әлемдік аренада танытуға және екі ел арасындағы мәдени-гуманитарлық байланысты нығайтуға қосып отырған үлесіңіз үшін Сізге алғыс білдіремін. Алдағы түсірілім жұмыстарына сәттілік, жаңа шығармашылық табыстар тілеймін»,- деді ол.

Жоба ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің және Қытайдың мемлекеттік кинокомпаниясы China Film Group Corporation-ның қолдауымен іске асырылып жатыр. Фильм өндірісімен қазақстандық Sәlem Entertainment компаниясы және гонконгтық Billion Target компаниясы айналысады. Фильмнің түсірілімі 2026 жылғы шілде мен қазан айлары аралығында Қазақстан аумағында өтеді. Түсірілім жұмыстары негізінен Алматы қаласында, Алматы және Маңғыстау облыстарында жүргізіледі. Картинаның қоюшы режиссері – қазақстандық Роберт Кун.  

Мәдениет министрлігі бұл жобаны Қазақстан үшін стратегиялық әрі имидждік тұрғыдан маңызды деп санайды. Оның жүзеге асырылуы еліміздің мәдени, туристік және инвестициялық әлеуетін ілгерілетуге, кинотуризмді дамытуға, халықаралық ынтымақтастықты нығайтуға және Қазақстанды әлемдік деңгейдегі ірі киножобаларды түсіруге қолайлы заманауи алаң ретінде кеңінен танытуға ықпал етпек.

OpenNews
ақпарат агенттігі
Заңды ақпарат

Басылым бетіндегі материалдарды пайдаланған жағдайда сілтеме жасалуы міндетті.

Ақпараттық өнім +18 жасқа толған және жасы одан жоғары адамдарға арналған.

Байланыс

Мәтінде қате таптыңыз ба?
Таңдап, оны белгілеп Ctrl + Enter басыңыз.

Әлеуметтік желілер

Copyright © 2010-2026. «OpenNews» - ақпарат агенттігі.