Қазақстанда параспортшылар туралы фильм прокатқа шығады

491
Отандық кинотуындының қатары тағы бір фильммен толықпақ. Биыл сәуірде «Паралимпиец» фильмі жарыққа шығады. Осыған орай ҚазАқпарат тілшісі фильмінің режиссері Алдияр Байракимовпен тілдескен еді.

Щучинскіде «Паралимпиец» фильмінің жабық көрсетілімі өтті. Айтулы шараға ҚР Мәдениет және спорт министрі Дәурен Абаев қатысты.

«Параспортшылар туралы фильм түсіру идеясы 2018 жылы Кореяда өткен паралимпиада ойындарынан кейін келді. Белгілі болғандай паралимпиадашыларға аса мән берілмейтіні байқалды. Паралимпиадашылардың тағдыры мен спорттағы еңбектері туралы қоғамның хабары аз. Бұл мәселе мені бей-жай қалдырмады. Фильм сюжеті шынайы өмірден алынған. Алдымен паралимпиадашылармен кеңесіп, ақпарат жинадық. Мотивациялық фильм. Жалпы қазіргі отандық фильмдердің дені комедия жанрына жатады. Осы тұрғыда біз өмірлік мәні бар, адамдарға ерік-жігер беретін туынды жасағымыз келді», - деді фильм режиссері Алдияр Байракимов. Оның айтуынша, аталған фильмде бірнеше кино жанрынан үзінді бар.

Оның ішінде драма, экшн, комедия және тағы басқа.

«Параспортшылар өте жігерлі адамдар. Әр параспортшының өз тарихы бар. Фильмді түсіру барысында біз тікелей кәсіби паралимпиадашылармен жұмыс істедік. «Паралимпиец» Қазақстанда паралимпиадашылар туралы түсірілген алғашқы фильм. Тағы бір жайт, көпшілік үшін деректі фильм емес, көркем туынды етуге тырыстық», - дейді ол.

Фильмдегі басты рөлді жас актер Асқар Ілиясов сомдайды. Түсірілім Алматы және Щучинск қаласындағы қысқы спорт нысандарында өтті.

Ал қалың жұртшылықтың назарына биыл 21 сәуірде ұсынылмақ.

«Жоспар құрғанда басты рөлге әртіс емес шынайы параспортшыны түсіруді ойладық. Сөйтіп 3 кастинг өткіздік. Нәтижесінде кәсіби әртістің керектігін түсіндік. Себебі басты рөлді сомдау оңай емес және параспортшыға қиынға соғатын болды. Дегенмен фильмнің ішінде нағыз паралимпиадашылар да бар», - деді фильм авторы.
 
Одан бөлек, режиссер алдағы уақытта «Паралимпиец» фильмін кино саласындағы халықаралық байқауларға қатыстырып, бағын сынайтынын айтты.