200-ден астам колледж 624 мамандық бойынша лицензиясынан айырылды
Қазақстанда 219 колледж 624 мамандық бойынша 780 біліктілік лицензиясынан айырылды, - деп хабарлайды "Opennews.kz" ақпарат агенттігі ҚР Оқу-ағарту министрлігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Білім беру саласындағы сапаны қамтамасыз ету комитетінің хабарлауынша, мемлекеттік аттестаттауға дайындық кезеңінде 219 колледж 624 мамандық бойынша 780 біліктілік лицензияларын қайтарды. Сондай-ақ Шығыс Қазақстан облысында жеке колледж жабылды.
Айта кетейік, жыл басынан бері еліміздегі 519 колледжде мемлекеттік аттестаттау өтті. Талдау нәтижесі бойынша Алматы, Астана қаласы, Қостанай, Маңғыстау, Атырау, Шығыс Қазақстан және Ұлытау, Абай облыстарының техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдарында жақсы көрсеткіштер байқалады.
Дегенмен, ел бойынша үш жүзден астам колледж аттестаттаудан өтпеді. Олардың дені Шымкент қаласы мен Павлодар, Қызылорда облыстарында. Батыс Қазақстан, Жамбыл, Түркістан, Ақмола және Ақтөбе облыстарында көрсеткіш төмен.
«Бақылау шаралары басталмас бұрын ақпараттық-түсіндіру жұмыстары жүргізілген болатын. Мемлекеттік аттестаттау техникалық және кәсіптік білім беру саласындағы бірқатар проблемаларды анықтап берді. Қазір Астана қаласы, Алматы, Жетісу, Жамбыл және Түркістан облыстарындағы тоғыз жеке колледждің қолданыстағы лицензиясы мен білім беру қызметін жүзеге асыруға арналған лицензияға қосымшаларды қайтару жұмысы жүргізілуде. Бұл колледждер енді білім беруді тоқтатады. Сондай-ақ лицензияға қосымшасы болмаса да білім берген 10 колледж анықталды», - дейді комитет төрағасы Ернұр Дауенов.
Талдау қорытындысы бойынша жұмыс жоспарлары, оқу жоспарының пәндері мен модульдері бойынша оқу бағдарламалары, өндірістік оқыту мен кәсіптік тәжірибеден өту, мемлекеттік жалпыға міндетті стандарттың талаптарына сәйкес келмейтін базалық, кәсіптік модульдерді оқыту бойынша бұзушылықтар анықталды.
Уәкілетті органдарға ТжКБ ұйымдарына оқу жұмыс бағдарламалары мен жоспарларын әзірлеуде әдістемелік көмек көрсетуге қатысты ұсынымдар берілді.