Елімізде тағы екі жоғары оқу орны лицензиясынан айырылды

320
Шымкент қаласында екі жоғары оқу орны лицензиясынан айырылды. Олар - "Орда (бұрынғы "Silkway халықаралық университеті") мен "Мирас" университеттері деп хабарлайды білім және ғылым министрлігінің ресми сайты. 

БҒМ мәліметінше, 2020 жылы "Орда" және "Мирас" университеттерін тексеру барысында білім саласындағы заңнаманы өрескел бұзу фактілері анықталған.


 Екі жоғары оқу орнының қызметі тоқтатылып, оларға анықталған бұзушылықтарды жоюға уақыт берілген. Алайда жоғары оқу орындары қателікпен жұмыс жүргізбей, 8 ай комитеттің лицензияны тоқтата тұру туралы шешіміне шағымданумен болған. 


Бірақ соңында сот комитеттің шешімін өз күшінде қалдыру туралы шешім қабылдап, ал университеттің көптеген шағымы қанағаттандырылмаған.


Енді Шымкент қаласының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 1 шілдедегі шешімімен аталған екі жоғары оқу орны бас лицензиясынан айырылып отыр. 


"Осы жылдың мамыр айында қайта тексеру қорытындысы бойынша қателіктермен жұмыс жүргізілмегені анықталды. Ең басты мәселе кадрларды даярлау сапасында болды. Мысалы, "Орда" университетінде оқитындардың 97 пайызы шекті балдан өте алмады және оқу процесінде алған білімдері мен құзыреттіліктерінің жеткілікті деңгейін растай алмады. 
Екі ЖОО-да кестеге сәйкес жаппай сабақ өткізбеу фактілері анықталды. Ағымдағы бағалар қойылмаған, бекітілген кестеге сәйкес емтихандар өткізілмеген, пәндер толық көлемде оқытылмаған. Тиісті 5 кредиттің орнына тек 3 кредит игерілген. Барлық пән оқу-әдістемелік материалдармен қамтамасыз етілмеген. 


Оқытушылардың бекітілген педагогикалық жүктемесі мен оның нақты орындалуы арасында үлкен айырмашылықтар бар, яғни оқытушыда жүктемеде белгілі бір пән бойынша дәріс оқу жоспарлануы мүмкін, ал іс жүзінде ол оны оқымайды", – дейді БҒМ Білім және ғылым саласындағы сапаны қамтамасыз ету комитетінің жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру саласындағы бақылау басқармасының басшысы Эльвира Сапарбекова.