Шахмат ойыны еліміздің мектеп бағдарламасына енгізілмек

1 342

Қазақстан шахмат федерациясының атқарушы директоры Гүлмира Дәулетова елімізде шахматты дамыту жол картасы әзірленіп жатқанын мәлімдеді, - деп хабарлайды "Opennews.kz" ақпарат агенттігі.


«Біз 2016 жылы Қазақстанда 2-4 сынып оқушылары арасында шахматты үйрету бағдарламасын бастаған болатынбыз. Алайда, пандемия кезінде бұл жобамыз сәл тоқтап қалған еді. Қазіргі таңда бұл бағдарламаны қайта бастап жатырмыз. Яғни, біз енді 1-4 сыныптар арасында шахмат ойнауды үйрететін боламыз. Қазір шахматты дамыту жол картасы дайындалып жатыр. Биыл қыркүйек айынан бастап 30-ға жуық мектепте бағдарлама пилоттық жоба ретінде басталады», - деді Гүлмира Дәулетова.


Оның сөзінше, Қазақстанда бүгінгі күні 7 мыңға жуық шахмат секциясы бар.


«Бұл шахмат секциялары мектептерде орналасқан. Қазіргі таңда Қазақстан да 200 мыңнан астам шахматшы бар. Олардың саны күн сайын өсіп келеді. Алматыда шамамен 50 мыңнан астам шахматшы бар. Біз бұл сандарды Мәдениет және спорт министрлігінің мәліметіне сүйеніп айтып отырмыз», - деді ҚШФ атқарушы директоры Гүлмира Дәулетова.