Қазақстанның 5 университеті әлемнің үздік жоғары оқу орындарының қатарына енді
Еліміздегі 5 университет әлемдегі ең үздік жоғары оқу орнындарының қатарына қосылды, - деп хабарлайды "Opennews.kz" ақпарат агенттігі.
Еліміздегі жоғары оқу орындары әлемдегі ең озық университеттердің қатарына қосылуда. Таяуда әлемдік QS рейтингі кезекті нәтижесін жарияланды.
Былтыр бұл көрсеткіште қазақстандық 16 жоғары оқу орны көрінсе, биыл тағы 5 университет үздіктер қатарын толықтырды.
Атап айтқанда, QS World University Rankings – әлемнің үздік университеттері тізіміне алғаш рет Дәулет Серікбаев атындағы ШҚТУ, Нархоз университеті, Сүлейман Демирел атындағы университет, Қорқыт Ата атындағы Қызылорда университеті және М. Х. Дулати атындағы Тараз өңірлік университеті кірді.
«Ғылымның негізгі буыны өңірлік жоғары оқу орындарына дарып, ел экономикасы мен өнеркәсібін дамытуда маңызды рөл атқара бастады. Мықты университеттер жергілікті экономика мен индустрияның дамуына жол бастайтын білікті кадрларды дайындайды», - дейді ҚР Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек.
Д. Серікбаев атындағы ШҚТУ жаһандық QS көрсеткішіне ғылымды дамытуға басымдық беруінің арқасында еніп отыр.
«Біз ең алдымен, ғылымды дамытуға басымдық беріп, ғылыми зерттеулерді қаржыландыруды, технологияларды коммерцияландыруды жолға қойдық. Сондықтан республикалық бюджеттен ғылымды қаржыландыру бірнеше есе ұлғайды. 2021-2023 жылдары екі есеге жуық, 2023-2025 жылдары ғылым бюджеті 3,5 есеге ұлғайса, жалпы қаражат 643 млрд теңгеге жетті. Бұл біздің ғалымдарды ерекше ынталандырып отыр. Д.Серікбаев атындағы ШҚТУ жалпы табысында ғылымның үлесі 20%. Бұл әлемдік жоғары оқу орындары деңгейінде», - деп хабарлады білім ордасының баспасөз қызметі.