Мектеп формасын кимеген оқушылардың ата-аналарына айыппұл салынады
Орта білім беру ұйымдары үшін міндетті мектеп формасына қойылатын талаптар орындалмаған жағдайда оқушының ата-анасына айыппұл салынады, - деп хабарлады "Opennews.kz"ақпарат агенттігі AtyrauPress сайтына сілтеме жасап.
Атырау облысы білім саласында сапаны қамтамасыз ету департаментінің басшысы Бердібек Таишевтің айтуынша, бұл жөнінде ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы Кодексінің 409-шы бабында көрсетілген.
Қазақстан Республикасының 2014 жылғы 5 шілдедегі № 235-V «Әкімшілік құқық бұзушылық туралы» Кодексінің 409-шы бабының 2-ші тармағында былай деп жазылған: «Ата-аналардың немесе өзге де заңды өкілдердің Қазақстан Республикасының білім беру саласындағы заңнамасында көзделген міндеттерді орындамауы немесе тиісінше орындамауы – ескерту жасауға немесе бес айлық есептік көрсеткіш мөлшерiнде айыппұл салуға әкеп соғады».
Бердібек Таишевтің берген ақпараты бойынша, былтыр Атырау облысында бір ата-анаға айыппұл салыныпты.
Айта кетейік, бес айлық есептік көрсеткіш 17 мың 250 теңгені құрайды. Атырау облысындағы 200-ден астам мектепте 148 мың оқушы білім алуда.