Премьер-министр Әлихан Смайылов Үкімет отырысында ғылымды комерциаландыру туралы айтып, құзырлы министрлікке бірқатар тапсырма берді, - деп хабарлайды "Opennews.kz" ақпарат агенттігі.
«Ғылыми әзірлемелерді енгізу өндірістерді жаңғыртудың және жалпы экономиканың инновациялық дамуының басты шарты. Өнеркәсіп сапасының өсуі үшін ғылым мен индустрияның тығыз интеграциясы қажет. Біз отандық ғылымның мүмкіндігін кеңейту және бәсекеге қабілеттілігін арттыру бойынша жүйелі шаралар қабылдаймыз. Тиісті шаралар кешені Жоғары білім мен ғылымды дамытудың 2029 жылға дейінгі тұжырымдамасында көзделген. Басты назар қолданбалы ғылымды дамытуға, бизнесті ғылыми жобаларды бірлесіп қаржыландыруда белсенді болуды ынталандыруға, ғылыми-технологиялық парктер мен инжинирингтік орталықтар құруға аударылады», - деді Смайылов.
Үкімет басшысының айтуынша, тұжырымдаманы іске асыру барысында ғылыми жобаларды коммерцияландыру мен бірлесіп қаржыландырудың үлесі 50 %-ке дейін ұлғаяды деп күтілуде.
«Ғылым және технологиялық саясат туралы» заң жобасында ғылыми жобалардың нәтижелілігін экономикадағы сұранысты ескере отырып қамтамасыз ету бойынша бірқатар нормалар қарастырылған. Осы құжатқа сәйкес ғылыми зерттеулердің технологиялық әзірлігін бағалауы енгізіледі, мұнда олардың идеядан іске асырылуға дейінгі кезеңдері бағаланады. Бұл теориялық әзірлемелерді тәжірибеге жуықтатуға ықпалын тигізеді. Сондай-ақ,технологиялық брокерлік және венчурлік қаржыландыруды енгізу көзделуде», - деді Смайылов.
Бұл бизнесті ғылым саласына атсалысуға ынталандырып, ғылыми жобалардың нақты нәтиже беруі үшін ортақ жауапкершілікті арттырады.
«Ғылымға жеке инвестициялардың тартылуы үшін салықтық жеңілдіктер мен преференциялар көзделетін болады. Ғылымды жергілікті бюджеттен қаржыландыруға алғаш рет мүмкіндік беріледі. Жалпы республикалық бюджеттің ғылыми мақсаттарға жұмсалатын шығыстары соңғы 3 жылда 3,3 есе өсіп, 643 млрд теңгені құрады. 2024-2026 жылдарға шамамен 730 млрд теңге қарастырылған. Осы саланы қаржыландыруға жұмсалатын шығыстардың ұдайы өсіп отырғанын ескере отырып, ғылыми жобалардың нәтижелі болуын арттыруға, олардың қолданбалы сипатына баса мән берген жөн», - деді ол.
Осыған байланысты Әлихан Смайылов Ғылым министрлігі мүдделі мемлекеттік органдармен және ұйымдармен бірлесіп мынадай жұмыс атқаруы қажет екенін жеткізді.
«1 наурызға дейін жобаларды коммерцияландыру барысында күтілетін нәтижелерді нақтылау үшін Жоғары білім мен ғылымды дамыту тұжырымдамасының нысаналы индикаторларын өзектендірсін. Қаражат жұмсау процесінің ашық болуы үшін 2024 жылдың соңына дейін әкімшілік процестерге реинжиниринг жүргізсін, кедергілерді азайтып ғылыми жобаларды іріктеудің барлық кезеңдерін автоматтандыру керек, сондай-ақ тауарлар мен қызметтерді сатып алуды бір орталықтан жүргізу тиіс. Әкімдіктермен, өңірлік жоғары оқу орындарымен бірге өңірлер экономикасының нақты сұраныстарына орай коммерцияландыру жобаларын іріктеудің және қолдаудың тиімді механизмдерін пысықтасын. Қолданбалы ғылыми зерттеулерді әкімдіктердің қаржыландыруы бойынша нақты шаралар әзірлеу қажет», - деді ол.