Жаңа оқу жылында қандай өзгеріс болады

2 500

Фото: Opennews.kz ЖИБүгін 1 қыркүйек – Білім күні. Биыл еліміз бойынша 4 миллионнан астам оқушы дәстүрге сай алғашқы қоңырау сыңғырын естиді. Ал 380 мыңнан астам бала алғаш рет мектеп табылдырығын аттамақ. Өткен оқу жылы қалай аяқталды, биыл нендей өзгеріс күтіп тұр? - деп хабарлайды Opennews.kz ақпарат агенттігі.

5 жылда 1 120 мектеп салынды

Кейінгі жылдары білім саласына бөлінген қаржы да, назар да ұлғайды. Мысалы, жеті жыл ішінде білім беру саласына 6,4 триллион теңге бөлінді. Бұл қаржының дені мектеп құрылысына, білім беру базасына және педагогикалық құрамды қамтамасыз етуге бағытталған. Оқу-ағарту министрлігінің мәліметінше, 5 жылда 1 миллионнан астам оқушыға арналған 1120 мектеп салынып, 5 мыңнан астам ауыл мектебінің материалдық-техникалық қоры жаңартылды. Ал білім ошақтарында 7 мыңнан астам заманауи үлгідегі пән кабинеттері жасақталды.

Осы орайда «Жайлы мектептердің» жайын айта кеткен дұрыс. Кейінгі екі жылда басталған үрдіс білім беру саласына тың серпін берді. Өйткені заманауи жайлы мектепттер ауылдағы баланың қаладағы қатарластарымен тең дәрежеде білім алуына мүмкіндік берді. Нақтырақ айтсақ, бүгінге дейін салынған 217 «Жайлы мектептің» 84-і ауылдық жерлерде орналасқан. Бұл мектептерде STEM-зертханалар, робототехника кабинеттері, коворкингтер, хореография және спортзалдар бар. Бастауыш және жоғары сынып оқушылары бөлек блоктарда білім алады, ерекше білім беру қажеттіліктері бар балалар үшін кедергісіз орта жасалған.

Мұндай материалдық-техникалық база білім сапасына оң әсер еткені түсінікті. Оны Ұлттық бірыңғай тестілеу нәтижесінен көруге болады. Биыл ҰБТ-ға 233 мыңға жуық талапкер қатысып, 177 мыңға жуығы шекті балл жинаған – бұл қатысушылардың 76%-ы.

Жалпы талапкерлерге ҰБТ-ны екі рет тапсыруға мүмкіндік берілген болатын. Түлектер соның ішінен ең жоғары нәтижемен грант конкурсына қатысуға мүмкіндік алды. Бұл мемлекеттік білім грантын иелену ықтималдығын анағұрлым көбейткені анық. Сондықтан 233 мың талапкер тестілеуді жалпы 422 мың рет тапсырды.

Нәтижесінде 75 мыңнан астам талапкер жоғары оқу орындарында тегін білім алу мүмкіндігіне ие болды. Ал «Серпін» жобасы аясында 2 мыңнан астам грант иегері Солтүстік, Шығыс және Орталық Қазақстандағы жетекші жоғары оқу орындарында білім алмақ.

Педагог, білім беру орталығының басшысы Ырысбек Мәуіт білім деңгейінің жоғарылауын саладағы реформаның нәтижесі деген пікірде.

– Қытайда 10 жылдан астам мұғалім болып жұмыс істедім. Қазір Қазақстанда осы салада қызмет етіп жүрмін. Байқағаным, саладағы реформалар жемісін берді. Біріншіден, кейінгі жылдары мектептегі функционалды сауаттылық деңгейі артып келеді. Екіншіден, «Болашақ» бағдарламасымен шетелде білім алған жастардың көбі мектептерде білім беруде. Үшіншіден, педагогтардың біліктілігін арттыру жұмыстары бір жүйеге түсті. Мұның барлығы баланың білім деңгейіне тікелей әсер ететін фактор, – дейді педагог.

Бүгіннен бастап не өзгереді?

Жалпы,2026-2027 оқу жылында бірқатар өзгеріс орын алады. Мысалы, бүгіннен бастап педагогтарды аттестаттаудың жаңа тәртібі пилоттық режимде іске қосылды. Енді аттестаттау кезінде эссе, авторлық бағдарлама, оқу-әдістемелік материалдарды әзірлеу міндетті емес. Ал біліктілік санаттары мерзімі аяқталғанға дейін жарамды болады.

Бұдан өзге:

формативтік бағалаудың тоқсандық бағадағы үлесі 25%-дан 50%-ға дейін артады;

тоқсандық жиынтық бағалау – ТЖБ өткізілмейді;

3 және 7-сыныптар жаңа оқулықтарға көшеді;

2-4 сынып оқушылары 1 қыркүйектен бастап жаңа тәсілмен бағаланады;

1-4 сыныптардағы «математика» пәнінің оқу бағдарламасы қайта қаралады;

AI енгізу пилоттық мектептерде сынақтан өтеді;

сабақ кезінде оқушылардың смартфон пайдалануына шектеу енгізіледі.

Жаңа оқу жылының басталуы оқушыларға ғана емес, тұтас орта білім беру жүйесі үшін де маңызды. Себебі бүгін мектептердегі бастамалардың қандай нәтижесі мен реформалардың әсерін бағалауға бір қадам жақындаймыз.


OpenNews
ақпарат агенттігі
Заңды ақпарат

Басылым бетіндегі материалдарды пайдаланған жағдайда сілтеме жасалуы міндетті.

Ақпараттық өнім +18 жасқа толған және жасы одан жоғары адамдарға арналған.

Байланыс

Мәтінде қате таптыңыз ба?
Таңдап, оны белгілеп Ctrl + Enter басыңыз.

Әлеуметтік желілер

Copyright © 2010-2026. «OpenNews» - ақпарат агенттігі.