15 жастағы оқушы 15 жылға сотталды: адвокат мектептегі буллинг мәселесін көтерді
Атырауда 15 жастағы оқушының 15 жылға бас бостандығынан айырылуына байланысты мектептегі буллинг мәселесі қайта көтерілді. Адвокат Жолболов жасөспірімнің ұзақ уақыт бойы құрдастары тарапынан қысым көргенін айтып, мектеп әкімшілігі мен педагогтердің әрекетіне қатысты сұрақтарға жауап берілуі керек деп мәлімдеді, - деп хабарлайды Opennews.kz ақпарат агенттігі.
Адвокаттың айтуынша, 2026 жылғы 6 қарашада сот 15 жастағы BINOM мектебінің оқушысын қасақана кісі өлтіруге оқталды деп танып, 15 жылға бас бостандығынан айырған. Алайда қорғаушы бұл істі тек сот үкімі аясында қарастыру жеткіліксіз деп есептейді.
«Бұл оқиға тек сот үкімінің шеңберінде ғана қарастырылмауы керек. Себебі бұл істің астары бар. 15 жастағы жасөспірімнің мектептегі өмірі, ұзақ уақыт бойы буллингке ұшырағаны, мектеп әкімшілігі мен педагогтердің осы жағдайдан қаншалықты хабардар болғаны және қандай шаралар қабылдағаны қоғамдық талқылауға жатады», – деді адвокат.
Жолболов өз мәлімдемесінде тергеушінің ресми ұсынымынан үзінді келтірді. Оның сөзінше, құжатта күдіктінің ұзақ уақыт бойы құрдастары тарапынан буллингке ұшырағаны туралы мәлімет анықталғаны көрсетілген.
Адвокаттың айтуынша, тергеуші ұсынымында бұл жағдай мектеп психологы мен басшылығына алдын ала белгілі болғанына қарамастан, буллингтің алдын алу немесе оны тоқтату үшін тиісті педагогикалық-психологиялық шаралар қабылданбағаны жазылған.
Құжатта мұндай әрекетсіздік жасөспірімнің бойында агрессияның жиналуына және қайғылы жағдайға ұласуына ықпал еткені айтылғанын жеткізді.
«Бір баланың тағдыры – бір ғана отбасының немесе бір ғана мектептің проблемасы емес. Бұл – бүкіл қоғамның проблемасы. Баспасөз конференциясының басты мақсаты – 15 жастағы жасөспірімді көпшілік алдында ақтау немесе айыптау емес. Мақсатымыз – қалыптасқан жағдайға жан-жақты назар аудару, жауапсыз қалған сұрақтарға жауап іздеу, баланың құқығы мен қауіпсіздігі мәселесін көтеру және мұндай жағдайлардың қайталануына жол бермеу», – деді Жолболов.
Осы мәселелерді талқылау үшін 24 қараша күні Атырауда ашық баспасөз конференциясы өтетіні хабарланды.
Адвокаттың мәлімдеуінше, жиын сағат 11:00-де Абай орталығында басталады. Оған журналистер, блогерлер, қоғамдық белсенділер, заңгерлер, педагогтер, мектеп психологтары, ата-аналар және бала құқықтарын қорғау саласының өкілдері шақырылған.
Жиында мектептегі буллингтің алдын алу, білім беру ұйымдарының жауапкершілігі және жасөспірімдердің қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселелері талқыланбақ.
Қаз
Рус






