Қызылордада жастарға СПИД дертінің қауіптілігі түсіндірілді

170
Жыл сайын бүкіл әлемде «1 желтоқсан — Дүниежүзілік ЖИТС-пен күрес» күніне орай халықты қауіпті кеселден сақтануға шақыратын түрлі акциялар мен семинарлар, ауқымды жобалар мен шаралар өткізіледі, - деп хабарлайды Opennews.kz ақпарат агенттігі.

Республиканың тұтас халқының, әсіресе жастар арасында СПИД және ВИЧ инфекцияларын жұқтырудың алдын алу мәселелері бойынша барлық мүдделі тараптар өздеріне жүктелген жүйелі жұмыстарын жүргізіп келеді. Осы мақсатта, Қызылорда облыстық «Жастар ресурстық орталығы» КММ-нің психологы Г.Нетбаева «ORDA» жоғары колледжінің студенттеріне «АИТВ/ЖИТС және ЖЖБИ болдырмаудың алдын алу» тақырыбындағы қауіпті дертпен күрес жөнінде ақпараттық-түсіндірме жұмыстарын жүргізді.


Адамның иммунтапшылық вирусы инфекциясы және жұқтырылған иммунтапшылығының синдромы (АИВ/ЖИТС) — адамның иммунтапшылық вирусы (АИВ) қоздырған инфекцияның организмге әсерінен дамитын дертті жағдай. Инфекция жұқтырған адамда ешбір ауру белгілері байқалмауы не қысқа мерзімді тұмау тәрізді синдром белгілері пайда болуы мүмкін. Әдетте, инфекцияның симптомсыз кезеңі ұзаққа созылады. Ауру үдеген жағдайда адамның иммунды жүйесі әлсіреп, туберкулез секілді көп кездесетін, сондай-ақ иммунитет қызметі қалыпты адамдарда бола бермейтін оппортунис инфекциялар мен ісіктер пайда болуы мүмкін. Инфекцияның аталған кеш белгілерінің жиынтығын жүре пайда болған иммунитет тапшылығы синдромы (ЖИТС) деп атайды. Әдетте, бұл саты адамның өте қатты жүдеуімен қатар жүреді.


Бұл кесел, әсіресе, жастар арасында кеңінен таралғандықтан, әр өңірде жауапты мамандар жастарға, жеткіншектерге, студеттерге арнайы семинарлар мен түрлі акциялар ұйымдастырып, психологиялық-моральдық көмек көрсетсе, дерттің таралуына тоқтау болары сөзсіз. Мамандар бүгінгі шарада жастарға кеселден келетін қауіпті түсіндіріп қана қоймай, түрлі сұрақтар қою арқылы, жеткіншектермен еркін форматта ой-пікір алмасты.