Көктемде «Көкала» кеселі кенеден келмек

2 430
Көктем мезгілі келе еліміздің оңтүстік өңірлерінде әдеттегідей кене жәндігі көбейеді, - деп хабарлайды Opennews.kz ақпарат агенттігі. 



Конго-Қырым геморрагиялық қызбасы– жедел вирусты ауру.

Екі толқынды қызбаны мінездейді, жалпы интоксикациямен және тромбогеморрагиялық синдроммен жүреді. Конго-Қырым ауруын алғаш рет рессей дәрігерлері 1944 жылы тапқан, кейін бұл ауру Конгода, Нигерияда, Сенегалда, Кенияда смпатталған.

Конго - Қырым геморрагиялық қызбасының асқынулары - сепсис, өкпенің ісінуі, ошақты пневмония, созылмалы бүйрек жеткіліксіздігі, отит, тромбофлебит пайда болуы мумкін.

Көктемдегі кененің көбеюі конго-қырым геморрагиялық қызбасының өршуіне алып келуі мүмкін. Сондықтан осы мақсатта барлық сақтық шарасына баса назар аударылуы тиіс. Осы орайда Қызылорда облысының санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің аса қауіпті инфекцияларды эпидемиологиялық бақылау бөлімінің басшысы Жанар Жетілгенова оның алдын алу, сақтану жолдары жөнінде айтып берді.

- Қауіпті індеттің алдын алу шаралары қандай?
- Қай кезде де сақтық шараларына назар аударылуы тиіс. Кейде осындай немқұрайдылық жағдайдың соңы қауіпті кеселдің туындауына алып келеді. Оның алдын алу шараларының бірі - кенелерге қарсы залалсыздандыру. Қауіпті дерттің айналымы иксод кенелерінің өсіп-жетілу циклына тікелей байланысты. Ауру кенелер табиғатқа жаппай шыққан уақыттан тіркеле бастайды. Табиғатта ауру қоздырғышы дала тышқандары, кірпі, торғайлар арқылы сақталады. Олар вирустарды қансорғыш кенелерге, ал кенелер басқа жануарларға, адамға жұқтырады. Ерекшелігі, адам кененің шаққанын сезбейді. Себебі, кене шаққан кезде қадалған жерін жансыздандыратын сұйықтық бөліп шығарады. Тек 1-3 күннен кейін ғана кене жабысқан жер қызарады, ауыра бастайды. Сондықтан табиғат аясында немесе егіндікте жүргенде денеде кененің бар-жоғын арагідік тексеріп тұрған жөн.

Конго-Қырым қанды қызбасы асқынған жағдайда адам организімінде қанның ұю қасиеті төмендеп, денеде бөртпелер, көгерулер пайда болады. Осыған байланысты халық арасында бұл ауруды «көкала» деп те атайды.

- Енді аурудың жұғу жолдары жөнінде айта кеткеніңіз артық болмас. Ол қандай жағдайда адамдарға жұғады?
- Көктемгі дала жұмыстары барысында тұрғындар бұған байланысты қауіпсіздік шараларына назар аударғаны дұрыс. Мәселен, ол кене шаққанда, мал қырқымы кезінде жүннің арасындағы кенені қайшымен қиып жіберген кезде кененің ішіндегі биологиялық сұйықтықтармен жанасқанда болуы мүмкін. Сондай-ақ, мал сойғанда, малдың етін жіліктеу, қақтау кезінде, малдың үстіне жабысқан кенені жалаң қолмен жұлып алғанда, зертханаларда қанмен жұмыс жасау кезінде техника қауіпсіздігін сақтамаса қауіпті ішдетке душар боулы ықтимал. Ал ауа арқылы жұғу жағдайы өте сирек кездеседі.

- Азаматтар оны жұқтырып алмау үшін не істеу қажет?

- Табиғатқа шыққанда ауылшаруашылық малдарына, үй жануарларына күтім жасағанда мейлінше ақшыл түсті жабық киім кию, шалбардың балағын етік ішіне немесе шұлық ішіне салып, жеңді түймелеп, кене кірмеу жағдайын жасаған абзал. Мал қырқымы кезінде қорғаныс киімдерімен жұмыс жасау, ұзын резеңке қолғап, алдына резеңке алжапқыш және ұзын қоныш етік киюге көңіл бөлген жөн. Оған қоса кенелердің жабысуын болдырмауға арналған түрлі жақпа майлар, аэрозольдер түріндегі үркіткіш заттар (репелленттер) пайдаланған дұрыс.

Жалпы, ең алдымен кенеге қарсы залалсыздандыру жұмыстарын жүргізген дұрыс. Бұл ретте алдымен мал ұстайтын қораларды көңнен қоқыстардан тазарту қажет. Себебі көп жылдан бері жиналған қи, көң жиналған орындар, күл-қоқыстар - аналық кенелер үшін жұмыртқа тастауға өте қолайлы. Бір аналық кене 800-ден 10 мыңға дейін жұмыртқа тастайды. Ауру қоздырғышы вирусты тікелей жұмыртқа арқылы толықтай өз ұрпағына береді. Сол себепті жұмыртқадан жаңадан өрбіген кенелер түгелдей осы ауруды денесінде сақтаушы әрі тасымалдаушы ретінде саналады. Яғни жаңадан аурудың табиғи ошағы пайда болады.

- Аурудың негізгі белгілері қандай болады?

- Дене қызуының көтерілуі, әлсіздік, тамаққа тәбеттің жоғалуы, құсу, жүрек айну, бұлшық еттердің, бүйрек тұсының, бастың, іштің ауруы байқалады. Осы белгілер байқалған адам шұғыл түрде медициналық көмекке жүгінбесе, әрі қарай қан кетумен асқынып, өлім жағдайына әкеліп соқтыруы мүмкін. Аталған белгілер байқалса міндетті түрде дәрігерге қаралу керек.

Кез келген ауруды болдырмаудың басты шарты - сақтық шараларын орындау. Сондықтан ұсынылған кенеден қорғану, аурудың алдын алу ұсынымдарын орындау арқылы әрбір адам өз денсаулығы мен қауіпсіздігін қамтамасыз ете алады.



- Елімізде Конго-Қырым геморрагиялық қызбасы бойынша табиғи ошақтар ретінде қай өңірлер саналады?

- Әдетте, мұндай жағдайлар еліміздің оңтүстік бөлігінде орналасқан 4 аймақта байқалады. Атап айтқанда, олардың қатарында Шымкент қаласы мен Жамбыл, Қызылорда және Түркістан облыстары бар.

Өткен жылы облыста аталған аурудың 20 дерегі анықталды. Оның ішінде, аудандар бойынша Сырдарияда - 5, Жалағашта - 4 Шиеліде - 4, Жаңақорғанда - 3, Қармақшыда - 1 және Қызылорда қаласында 3 жағдай тіркелді.

Инфекцияны жұқтыру көзі ретінде барлық жағдайдың 45%-ы кене шағумен, 25%-ы мал күтімімен, 15%-ы ауылшаруашылық жануарларын союмен, 10%-ы науқасқа күтім жасаумен байланысты болды. Індетке шалдыққандардың басым көпшілігі - мал күтімімен, мал союмен, егін, ауылшаруашылығымен айналысатын тұрғындар. Сәйкесінше ер адамдардың үлесі 65,5% құрады. Облыста биыл 106 елді мекен қолайсыз деп танылды. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 10 елді мекенге азайғанын көрсетеді. Кенелерге қарсы улау жұмыстары ағымдағы жылы сәуір айынан облыстың оңтүстік аудандарынан басталады деп жоспарлануда.