ЖИТС ауруынан сақтану туралы түсіндірме жұмыстары жүргізілді
131
Ресми статистикаға сүйенсек, Қазақстанда ВИЧ індетін жұқтырған 30 мыңға жуық адам тіркеуде тұр. Жыл сайын 1 желтоқсанда Дүниежүзілік ЖИТС-пен күресу күні атап өтіледі. Бұл күні әлем АИТВ-мен өмір сүретін немесе одан зардап шеккен адамдарға қолдау білдіру және ЖИТС-тен қайтыс болғандарды еске алу үшін бірігеді,-деп хабарлайды Opennews.kz ақпарат агенттігі.
Осы орайда Жалағаш аудандық емхананың жауапты дәрігері Айман Бекниязова өңір тұрғындарына ақпарат жұмыстарын өткізді.
Республикалық СПИД-ке қарсы күрес орталығының мәліметінше, өткен жылы еліміз бойынша 2 865 адам вирус жұқтырған. Оның 1 700-ден астамы – ер адамдар, мыңнан астамы – әйелдер. 62 пайызы гетеросексуалдық қатынас салдарынан болған. Сырқатқа шалдыққандардың басым бөлігі 30 бен 49 жас аралығындағылар.
«Бұл ауру әр кезеңде әртүрлі симптомдарға ие. Вирус жұқтырғаннан кейін алғашқы 2-4 аптада науқастардың 40-90 пайызы өздерін суық тигендей сезінеді. Денесі дел-сал болып, тамағы ауырады, тоңып, үсті қышиды, ауыз қуысында жара пайда болып, лимфа бездері ұлғаяды. Тестердің бәрі болмаса да көпшілігі вирус арқылы бөлінетін антиденелерді анықтай алады. Дегенмен әр жарты жылда немесе жылына бір рет ВИЧ-ке тест тапсыруды әдетке айналдырған жөн.
Иммун тапшылығы вирусын емдеуге болады. Бірақ одан толық айығып кету мүмкін емес. Ретровирусқа қарсы күшейтілген терапияның арқасында вирус жұқтырған пациенттердің өмірін 70-80 жасқа дейін ұзартуға болады, дейді мамандар. «Вирус анықталған жағдайда науқас ең алдымен СПИД орталығына барып тіркелуі қажет. Өйткені, ауруды бақылауда ұстаудың маңызы өте зор.
Есепте тұрған азаматтар кепілдендірілген тегін медициналық көмек шеңберінде ретровирусқа қарсы емді тегін ала алады. ВИЧ жұқтырған аналардың балаларына арналған тағамдар мен дәрі-дәрмек тегін беріледі.