Денсаулық сақтау министрлігі ЖРВИ мен тұмау бойынша ахуалды айтты
Денсаулық сатану министрлігі елдегі ЖРВИ мен тұмау бойынша эпидемиологиялық ахуалға байланысты мәлімдеме жасады, - деп хабарлайды Opennews.kz ақпарат агенттігі.
Министрліктің мәліметінше, қазір Қазақстанда жіті респираторлық вирустық инфекциялармен (ЖРВИ) сырқаттану деңгейі төмендегені байқалады.
Кейінгі аптада ЖРВИ жағдайларының саны 6,8 пайызға азайған. Ал эпидемиялық маусым басталғалы бері сырқаттану деңгейі былтырғы осы кезеңмен салыстырғанда 28,3 пайызға төмен.
Республикадағы эпидемиологиялық жағдай күзгі кезеңге тән маусымдық деңгейге сәйкес келеді. Мамандар респираторлық вирустардың таралуы мен сырқаттану деңгейіне апта сайын мониторинг жүргізуді жалғастырып жатыр", - делінген хабарламада.
1 қыркүйектен бастап зертханалық жолмен тұмаудың 297 жағдайы расталған. Оның 295-і – A(H1N1) вирусы, ал екеуі – B типті тұмау. Басқа респираторлық вирустар арасында риновирустар, бокавирустар және аденовирустар көбірек тіркеліп отыр.
Министрлік келтірген деректерге сәйкес, Қазақстанда 2 миллионнан астам адам тұмауға қарсы екпе салдырған. Нақтырақ айтқанда, 2 065 649 адам вакцина алған, бұл – жоспарланған көрсеткіштің 93,9 пайызы. Вакцина Қазақстанның барлық өңірінде қолжетімді.
"Республикада инфекциялық аурулармен ауыратын пациенттерге медициналық көмек көрсету үшін 13 335 инфекциялық төсек-орын дайындалған. Қазіргі уақытта олардың 63 пайызы, оның ішінде балаларға арналған төсек-орындардың 69,4 пайызы қамтылған", - делінген хабарламада.
Дәрігерлер қарапайым профилактикалық шараларды сақтауға кеңес береді:
- қолды үнемі жуу;
- үй-жайларды желдету;
- науқас адамдармен тығыз байланыстан аулақ болу;
- ЖРВИ белгілері пайда болған жағдайда үйде қалып, қажет болған кезде медициналық көмекке жүгіну.
Қаз
Рус






