Дәрігерлер 53 жастағы әйелдің жатырынан 8 келі миома алды

422
Атырауда 53 жастағы әйелдің жатырына ота жасалып, 8 келі миома алынды, деп хабарлайды Opennews.kz ақпарат агенттігі өңірлік коммуникациялар қызметіне сілтеме жасап.



Облыстық ауруханадағы гинекология бөлімшесінің меңгерушісі Жанаргүл Бекенованың айтуынша, 53 жастағы әйел қабылдау бөлімшесіне келгенде қатты ауырсыну туралы айтқан.

Науқастың ішкі ағзасы ауырып тұрды. Жүрегі айнып, құсқан. Ағзасында әлсіздік, бас айналуы байқалды. Жыныс жолынан қан кеткен. Біздің бөлімше дәрігерлері науқасты толық тексеруден өткізді. Оның қорытындысымен науқасқа «Жатырдың алып миомасы. Түйін некрозы, орташа анемия» диагнозы қойылды, - дейді Жанаргүл Бекенова.


Бөлімше меңгерушісінің жетекшілігімен гинеколог дәрігерлер Інкәр Ондасынова мен Мақсат Туғанбаев науқастың жатырына ота жасап, салмағы 8 келі миоманы алып тастаған. Қазір науқас облыстық аурухананың гинекология бөлімшесінде қарқынды ем-дом шарасын алып жатыр.

Миома – жатырдың қатерлі емес ісігі.

Еске сала кетелік, бұдан бұрын Атырауда бір жасар баланың миына күрделі ота сәтті жасалғанын хабарлаған болатынбыз. «Мидағы қан кету» диагнозы ультрадыбыстық зерттеу қорытындысымен расталған. Бірнеше рет ота жасалып, баланың жағдайы жақсара бастаған. Алайда, баланың миында алты ісік өсіп, алманың көлеміндей деңгейге жеткен.

Мұндай жағдай еліміздің өзге қалаларында кездесті. Сол себептен, біз Атырауға балалар нейрохирургы Данияр Сабдиналиевті шеберлік сабағын өткізуге шақырдық. Бірнеше сағатқа созылған ота кезінде баланың миындағы бұл патологияны алып тастадық. Қазір науқастың жағдайы қанағаттанарлық деуге болады. Осындай бірегей ота біздің ауруханада жасалады, - дейді балалар ауруханасының нейрохирургі Шодер Арипов.