Елордада соңғы аптада коронавируспен ауырғандар саны 43 пайызға өскен

251

Фото:Денсаулық сақтау министрлігі баспасөзіҮкімет басшысының орынбасары Ералы Тоғжановтың төрағалығымен және денсаулық сақтау министрі Алексей Цойдың қатысуымен ел аумағында COVID-19 таралуына жол бермеу жөніндегі ведомствоаралық комиссияның көшпелі отырысы өтті. Онда Нұр-Сұлтан қаласы бойынша эпидемиологиялық ахуал сөз болды.


ДСМ мәліметінше, бүгінде Нұр-Сұлтан қаласындағы эпидемиологиялық ахуал қолайсыз болып тұр. Соңғы аптада коронавируспен ауырғандар саны 43 пайызға өскен.


 Одан бөлек, төсек-орын жүктемесінің артқандығы және емдеуге жатқызылатын науқастар санының ұлғаю байқалып отыр екен. 


Сонымен қатар, кеңесте денсаулық сақтау министрлігі қала емханаларында эпидемияға қарсы режимнің бұзылғандығын, коронавирус жұқтырған науқастарға медициналық көмектің уақытылы көрсетілмейтіндігі мен сапасыздығын, сондай-ақ мониторингтік топтардың жұмысының бәсеңдегені, халықты вакциналау бойынша белсенді жұмыстың жеткіліксіздігін атап өтті. 


Биылғы мамыр айында елорда бойынша халықты коронавирусқа қарсы иммундау көрсеткіші  сәуір айымен салыстырғанда 50%-ға төмендеген.


 Барлық анықталған кемшіліктер бойынша Ералы Тоғжанов Нұр-Сұлтан қаласының әкімдігіне бір апта ішінде эпидемиологиялық ахуалды тұрақтандыру үшін оларды жою бойынша түбегейлі шаралар қабылдауды тапсырды. 


Бұл мәселе ВАК-тың тұрақты бақылауында болады.


 Айта кетесек, өткен тәулікте елімізде 1248 адамнан коронавирус анықталған. Олардың 413-і Нұр-Сұлтан қаласынан. 


Сондай-ақ, елордада қосымша тексеріс жүргізу мақсатында 54 науқастан сынама алынған болатын. Алдын ала талдау олардың 56 пайызында "үнді" штамы расталып ("Дельта" штамы) отырғанын көрсеткен.