Балалар денсаулығын сақтауға бөлінетін қаржы екі есе өсті
Соңғы бес жылда балалар медицинасына бөлінетін қаржы көлемі 264 млрд теңгеден 585 млрд теңгеге дейін өсіп, екі еседен астам артты,- деп хабарлайды Opennews.kz ақпараттық агенттігі Kazinform.kz сайтына сілтеме жасап.
Қазақстанда балалар денсаулығын сақтау мемлекеттік саясаттың маңызды бағыттарының бірі болып қала бермек. Елде шамамен 7 миллион бала тұрады, бұл халықтың үштен бірінен астамын құрайды. Қазіргі таңда бұл шығындар денсаулық сақтау саласы бюджетінің шамамен 23% пайызын құрайды.
Елімізде балаларға медициналық көмек көрсетудің көпдеңгейлі жүйесі қалыптасқан. Оның құрамына емханалар, балалар ауруханалары, перинаталдық орталықтар және республикалық клиникалар кіреді. Сонымен қатар жүздеген педиатриялық бөлімше мен ерте араласу орталықтары жұмыс істейді. Балалардың денсаулығын сақтауда аурулардың алдын алу мен ерте анықтауға ерекше көңіл бөлінеді. Осы мақсатта патронаждық бақылау жүйесі дамытылып, жүкті әйелдер мен бес жасқа дейінгі балаларға тұрақты медициналық бақылау жүргізілген. Соңғы жылдары балаларға арналған медициналық инфрақұрылымды жаңғырту жұмыстары да қарқынды жүріп жатыр. Балалар ауруханаларын жаңарту, жаңа перинаталдық орталықтар салу және жоғары технологиялық медициналық көмекті дамыту бағытында бірқатар жобалар жүзеге асырылуда. Қазіргі таңда балаларға кардиохирургиялық операциялар, есту импланттарын орнату және күрделі хирургиялық ем-шаралар кеңінен қолжетімді. Заманауи технологияларды енгізу нәтижесінде жаңа туған нәрестелердің өмір сүру көрсеткіші де айтарлықтай жақсарған.







