Емхана директоры қызметкерлеріне картоп пен шұлық сатуды ұсынған
Атырауда №4 қалалық емхананың медицина қызметкерлері директордың қарым-қатынасына шағымданып, видео жариялады. Олар үндеуінде қазіргі басшыны лауазымнан алып тастауды және бухгалтерияны тексеруді талап етті, - деп хабарлайды “Opennews.kz” ақпарат агенттігі atpress.kz-ке сілтеме жасап.
№4 емхананың медицина қызметкерлерінің видеосы әлеуметтік желілерде тарады. Олардың сөзінше, жалақы мен сыйақы уақытылы берілмейді, ақша жиналады, оның үстіне жұмысқа қажет заттар жоқ.
"Тіпті А4 қағаз сұрағанымыз үшін айыптайды. Оны өзімізге емес, анықтамаларды, анализдерді және басқа құжаттарды басып шығару үшін сұраймыз. Өткен жолы қағаз жоғын көрген бір науқас алып келді. Картриджді ауыстыру үшін де ақша жинаймыз немесе кезек-кезек өз қалтамыздан шығарып сатып аламыз", - дейді медицина қызметкерлерінің бірі.
"Ақымақсыңдар. Базарға шұлық, картоп сатуға барыңдар" дейді. Мұндай сөзді бізге Еркін Сабиров айтады", - дейді медицина қызметкерлерінің бірі.
Олардың сөзінше, директордан осындай сөздер естуге мәжбүр.
"Біздің емхана 18 мың халыққа қызмет көрсетеді, бізде бір ғана учаскелік дәрігер мен 3 фельдшер бар, өйткені мұндай қорлық пен жағдайға ешкім шыдай алмайды. Әркімнің жалақысы әртүрлі. Өздері 500 мың теңгеден алатынын білеміз", - дейді дәрігерлер.
"Басшылық тіпті дәрі-дәрмекке өтініш берген жоқ, оларды басқа медициналық мекемелерден алуымыз керек. Өз қаржымызбен, таксимен барамыз", - дейді дәрігерлер.
Денсаулық сақтау басқармасының басшысы Қайсар Әбдалиев жағдайға қатысты пікір білдірді.
"Бүгін Жұмыскер дәрігерлік амбулаториясына барып, әріптестерімнің арыз шағымдарын тыңдап, жиналыс өткіздім. Бас дәрігердің тарапына айтылған шағымдар бойынша комиссия құрып, тексеріс қорытындысы бойынша шағым түсірген әріптестеріммен жиын өткізіп таныстыратамыз", - дейді ол.
Сонымен қатар, №4 қалалық емхананың директоры Еркін Сабиров бұл жағдайға пікір білдірген.
"Жалақы уақытында төленеді. Сыйақылардың мөлшері жұмыс нәтижелеріне байланысты болады. Кемшіліктер болса, сәйкесінше азаяды. Клиниканы жөндеуге ақша жиналмайды. Гүл отырғызуға жиналды. Егер науқас үшін жаны ауырмаса, жұмысты ауыстырып, басқа жұмысқа баруы керек, мысалы, сатушы болып. Өйткені медицина қызметкері науқас үшін алаңдауы керек. Комиссия құрылды және кейінірек бәрі жариялануы мүмкін. Жалпы мәлімдемелер жалған. Жұмыстағы кемшіліктерді жоюдың орнына олар осындаймен айналысады. Клиникада жұмыс тұрақты. Жұмысын дұрыс орындамағандарға заңды шаралар қабылданады", - деп жауап берді Еркін Сабиров.