Медициналық сақтандыру қорына түсетін аударымның 3% резервке қойылмақ
«Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорының күтпеген шығыстарды жабуға арналған резервінің мөлшерін белгілеу туралы» Денсаулық сақтау министрінің бұйырығы көпшілік талқылауға шығарылды, - деп хабарлайды "Opennews.kz" ақпарат агенттігі.
«2015 жылғы 16 қарашадағы «Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру туралы» Қазақстан Республикасының Заңының 11-бабының 10-2 тармақшасына сәйкес бұйырамын:
Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорының күтпеген шығыстарды жабуға арналған резервінің мөлшері қорға аударымдар көлемінің 3 пайыз мөлшерінде белгіленсін», - делінген «Ашық» НҚА порталында жарияланған құжатта.
Мәлім болағандай, бұйрықтың орындалуын бақылау Денсаулық сақтау вице-министріне жүктеледі.
Бұйрық жобасы 18 сәуірге дейін ашық талқылауда болады.
Мәжілістің жалпы отырысында сөз сөйлеген Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесінің тиімділігін арттыруды тапсырған болатын.
«Адами капиталдың сапасын дәйекті және жүйелі түрде арттыру қажет. «Жайлы мектеп» жобасын тиімді іске асыруды қамтамасыз етіп, ЖОО базасында академиялық артықшылық орталықтарын құруды жалғастыру қажет», - деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Мемлекет басшысы отандық ғылымның кешенді дамуын жеке бақылауына алатынын айтты.
«Одан бөлек, денсаулық сақтауды жаңа сапалы деңгейге шығару қажет. Ол үшін әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесінің тиімділігін арттыру керек. Мұнда цифрлық шешімдердің көмегімен шығындарды бақылауды күшейту өте маңызды. Жалпы, цифрландыру экономиканың барлық салаларын қамтып, азаматтарымыздың өмірінің барлық салаларына енуі тиіс. Ол үшін ақпараттық технологиялар нарығын барынша ырықтандыру қажет», - деді Президент.