15 адам тышқан безгегін жұқтырды

2 539

Фото: IVD.ruБатыс Қазақстан облысында тышқан безгегі жиілеп кетті,-деп хабарлайды Opennews.kz ақпарат агенттігі.

Қараша айында 15 адам осы аурумен ауруханаға түскен. Жыл басынан бері барлығы 24 науқас тіркелген. Дәрігерлердің айтуынша, бұл ауруды қарапайым тышқандар таратады. Адамға вирус олардың нәжісі араласқан шаң арқылы жұғады. Яғни, кеміргіштер жүрген жерде тазалық дұрыс болмаса, ауаға вирус тарауы мүмкін.

Тұрғындар биыл тышқандардың өте көбейіп кеткенін айтады. Олар тек жеке үйлерде ғана емес, көпқабатты үйлерге де кіріп жүр. 

Науқастардың бірі Сергей Плешанов бірнеше күн бойы жүрегі айнып, тамақ іше алмай, әлсіреп, ауруханаға түскенін айтады. Қазір жағдайы біртіндеп жақсарып келеді.

Дәрігерлер егер ауру асқынып кетсе, емдеу бір айға дейін созылуы мүмкін дейді. Әдетте бұл індет күз айларында жиі таралады.

Санитар мамандар тұрғындарға мынадай кеңестер береді:
— кеміргіш болуы мүмкін шаңды жерлерде респиратор немесе маска тағу;
— ластануы мүмкін тағамдарды пайдаланбау;
— үйді таза ұстау және кеміргіштерді жою жұмыстарын жүргізу.

Мамандар сақтық шараларын сақтаса, аурудың алдын алуға болатынын ескертеді.