Қызылордада көпбейінді облыстық аурухананың 4- қабатынан егде жастағы әйел құлады
Көпбейінді облыстық аурухананың 4- қабатынан егде жастағы әйел құлады, - деп хабарлайды "Opennews.kz" ақпарат агенттігі.
Бұл туралы тәуелсіз журналист Үйтолған Жареке өзінің Facebook парақшасында жариялады. Алайда белгісіз себептермен жазба өшірілген.
«Бүгін Кбоа Қызылордада емделіп жатқан әйел төртінші этаждың балконынан құлап қайтыс болды деп жатыр. Аурухана балконы әлсіз ба? Әлде басқадай себебі бар ма?»,- деген жазба қалдырған.
Аталмыш оқиғаның орын алғандығын Қызылорда қаласының Полиция бөлімінің өкілдері растады:
«06.08.2023 жылы орын алған дерек бойынша Қазақстан Республикасының Қылмыстық кодексінің 105-бабының 1-бөлігімен (өзiн-өзi өлтiруге баруға дейiн жеткiзу дерегі бойынша) қылмыстық іс тіркеліп, тергеп-тексеру жүргізілуде. Қылмыстық-процестік кодексінің 201-бабының талаптарына сәйкес, тергеу деректерін жария етуге жол берілмейді» - деп мәлімдеді.
Көпбейінді облыстық аурухана әкімшілігі оқиғаның мән-жайын әлі анықтау үстінде. Десе де 1962 жылы туған азаматшаның балконнан құлау әрекеті бойынша:
"Қазіргі таңда Көпбейінді облыстық аурухананың әкімшілігі науқасқа көрсетілген медициналық қызметті сараптап, болған оқиғаға қатысы бар-жоғы зерделенуде. БАҚ өкілдеріне қосымша жауап беріледі."- деді аурухана әкімшілігі.