«Саламатты Қазақстан» медициналық пойызы шығыс қазақстандықтардың денсаулығын тексермек
«Саламатты Қазақстан» медициналық пойызы 2 маусымда Шығыс Қазақстан облысының Күмістау станциясына аялдамақ, - деп хабарлайды ақпарат агенттігі.
Медициналық пойыз кешкі сағат 21:03-те аталған аядамаға келіп, екі күн дертіне дауа іздеген тұрғындарды қабылдайды Ал, 4 маусымда сағат 21:34-те бұл станциядан шығып кетеді.
Жалпы бұл маршрут елдегі медициналық кабинеттер тапшы өңірлердің шалғай елді мекендерін аралап жүр. Осылайша биыл шалғайдағы сатнсаларға жақын тұратын халық тегін медициналық тексеруден өтіп, терапевт, стоматолог, офтальмолог, лор, хирург, уролог, маммолог, педиатр және өзге де жоғары білікті мамандардың көмегіне жүгіне алады.
Бұған дейін медициналық пойыз Жетісу облысында болған еді. Дәрігерлер Көксу, Қалпе, Лепсі, Ақтоғай, Бескөл станцияларының тұрғындарына жоғары білікті медициналық көмек көрсетті. Жетісу облысы бойынша Медициналық тур Достық станциясымен аяқталды.
Жетісу облысынан кейін медициналық пойыз Шығыс Қазақстан облысына бағыт алды. Дәрігерлер Шығыс Қазақстан облысы Жарма, Ертіс зауыты, Тишинская, Ермаковка, Таусамалы, Алтай станцияларының тұрғындарына медициналық көмек көрсетті.
Айта кетейік, 26 сәуірде Алматы-2 станциясынан басталған «Саламатты Қазақстан» медициналық пойызы 6 желтоқсанға дейін жүреді.
«Медициналық пойыз» жобасын «Самұрық-Қазына» АҚ компаниялар тобының атынан «Samruk-Kazyna Trust» әлеуметтік жобаларды дамыту қоры, ҚР Президенті жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссияның және Денсаулық сақтау министрлігінің қатысуымен, «Қазақстан темір жолы» ҰК» АҚ жанындағы «Әлеуметтік жобалар қоры» корпоративтік қорымен және ақпараттық серіктес - Jibek Joly телеарнасымен бірге жүзеге асырады.