Дәрі-дәрмектің нұсқаулығы мен бағасы туралы ақпаратты қайдан алуға болады?
Қазақстанда DariKZ мобильді қосымшасының жаңартылған нұсқасы қолжетімді бола түсті, - деп хабарлайды "Opennews.kz" ақпарат агенттігі.
Енді халық дәрілік заттардың жағымсыз реакциялары жөнінде дербес ақпарат алып, дәрі-дәрмектің бағасына қатысты осы қосымша арқылы шағымдана алады.
Нақтырақ айтқанда, дәрілік заттың жағымсыз әсері баяндалатын карта-хабарламалар немесе «сары карталар» деп аталатын ақпарат парақшараларын жіберуге арналған жаңа қызмет іске қосылып отыр. Бұл ретте халық дәрілік заттардың қолданудан кейінгі жағымсыз реакциялары туралы ақпаратты Дәрілік заттар мен медициналық бұйымдарды сараптау ұлттық орталығынан онлайн режимде жедел алады.
Карта-хабарламаны жіберу үшін қосымшадағы «Жанама әсері» бөлімін ашып, пациент және препарат туралы мәліметтерді толтырып, сондай-ақ кері байланыс және қажет болған жағдайда ақпаратты нақтылау үшін байланыс деректерін көрсету керек. Ұлттық орталықтың Фармакологиялық қадағалау департаментінің басшысы Мәлік Әбдірахмановтың айтуынша, аталған қосымша халықпен өзара байланысуға арналған тиімді құрал қызметін атқарады. Мобильді қосымшадағы жаңа қызмет дәрілік препараттардың қауіпсіздігін бақылап, фармакология нарығы айналымына қатысушылармен байланыста болуға септігін тигізеді.
Бұдан бөлек, DariKZ мобильді қосымшасының жаңа нұсқасы арқылы дәріханалардағы дәрі-дәрмектердің бағасы рұқсат етілген шектен асыра қойылған жағдайларға шағымдар түсіруге болады. Бұл ретте пайдаланушы дәрі бағасының аса қымбат болып, оның шекті бағадан асыра қойылғандығын хабарлауына шағымдана алады. Жалпы, дәріханадағы бағаға шағым түсіру үшін бірнеше қарапайым қадам жасау қажет. Біріншіден, DariKZ мобильді қосымшасынан шекті бағасы белгіленген қажетті препаратты тауып, екіншіден, «Бағаға шағым түсіру» тетігін басу керек. Бұдан әрі қажетті жолақтарды толтырып, хабарлама жолданады.
Сонымен қатар, халық DariKZ қосымшасы арқылы ұқсас препараттарға қойылатын бағаларды салыстыра алады. Дәрінің рецепт арқылы немесе рецептісіз берілетінін, сәйкестік сертификатын тексеріп, өндіруші, медицинада қолданылуы, сақтау мерзімі туралы және т.б. деректерді біле алады.