Қазақстанда аутизммен тіркелген балалардың саны 3 есеге өскен

1 303

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Тамара Дүйсенова соңғы бес жылда елдегі аутизммен тіркелген балалардың саны 3 есеге артқанын мәлімдеді, - деп хабарлайды "Opennews.kz" ақпарат агенттігі.


«Соңғы бес жылда аутизм спектрі бұзылу диагнозымен есепте тұрған балалардың саны 3 есеге жуық өсті», - деп жазады вице-Премьер.


Ресми статистика бойынша, 2018 жылы аутизммен ауыратын 4707 бала анықталса, 2019 жылы олардың саны 5193-ке, 2020 жылы 6771-ке, 2021 жылы 8796-ға, 2022 жылы 12 087-ге жеткен.


«Осыған байланысты Үкімет аутизм спектрі бұзылу диагнозын ерте анықтау үшін скринингтерді ұйымдастыру қағидаларына тиісті өзгерістер мен толықтырулар енгізді. Атап айтқанда, балалардың жүйке-психикалық даму шкаласын өзектендіру жүргізіліп, скринингтердің барлық түрлерін жүргізу алгоритмдерін жетілдірді, медициналық ұйымдар мен психологиялық-медициналықпедагогикалық комиссиялар (бұдан әрі - ПМПК) арасындағы өзара іс-қимыл күшейтілді», - деп жазады Тамара Дүйсенова.


Оның айтуынша аталған скринингтерге тұрақты негізде мониторинг жүргізіледі.


«2023 жылдың 3 айының ішінде психофизикалық даму скринингімен 774 мыңнан астам бала қамтылып, 8549 балада психофизикалық дамудың бұзылуы (1,1%) анықталды. Бұл балалар одан әрі түзету әдістерін анықтау үшін ПМПК-ға жіберіледі.


2022 жылы Денсаулық сақтау министрлігі педиатриялық көмек көрсетуді ұйымдастыру стандартын қайта қарап, аутизмді анықтауға арналған жаңа модификацияланған скринингтік тест енгізді», - деді министр.