Жапония Үкіметі Ұлттық ғылыми травматология және ортопедия орталығына компьютерлік томография кабинетін сыйға тартты

2 204

Академик Н.Ж. Батпенов атындағы Ұлттық ғылыми травматология және ортопедия  орталығында Жапония Үкіметінен сыйлық ретінде алынған қымбат жапондық аппараты бар компьютерлік томография кабинетінің ашылуы өтті,- деп хабарлайды "Opennews.kz" ақпарат агенттігі.


Жаңа кабинеттің ашылу салтанатын ҚР Денсаулық сақтау министрі Ажар Ғиният Жапонияның Қазақстан Республикасындағы Елшісі Джун Ямадамен бірлесіп өткізді.


А. Ғиният Жапония Үкіметіне грант ретінде көрсеткен қолдауы үшін алғысын білдіріп, елдеріміздің арасындағы одан әрі сындарлы және жемісті ынтымақтастыққа үміт білдірді.


Жапония Үкіметі 2021 жылғы 15 наурызда екі ел үкіметтерінің арасында қол қойылған нота алмасу түріндегі келісімге сәйкес Қазақстан Республикасының Үкіметі үшін экономикалық және әлеуметтік даму бағдарламасын орындады.


Рәсім барысында қатысушыларға ҰҒТОО директоры Олжас Бекарысов құттықтау сөз сөйлеп, диагностикалық емшаралардың сапасын жақсарту үшін медициналық жабдықтың құндылығын атап өтті.


Жаңа компьютерлік томограф (КТ) жоғары кеңістіктік және контрастты ажыратымдылықтағы кескінді алуға мүмкіндік береді және зерттеу уақыты бірнеше минутты құрайды. Осы аспаптық зерттеудің көмегімен онкологияны анықтап қана қоймай, оның жеке ошақтарын (метастаздар), сондай-ақ басқа да патологиялық процестерді табуға болады.


Құрылғы кез-келген мөлшердегі - бірнеше миллиметрге дейін ісіктерді көрсетеді. Осы егжей-тегжейлі диагноздың арқасында дәрігер диагнозды нақтылауға және дұрыс емдеуді тағайындауға ерекше мүмкіндік алады.


Сыйға тартылған КТ аппаратының айырмашылығы, ол 100 кг орнына салмағы 150 кг-нан асатын пациенттерді тексеруге қабылдай алады, бұл қазақстандықтардың медициналық көмек алуға қолжетімділігін шектемеуге мүмкіндік береді.


ҰҒТОО пациенттері бұл медициналық қызметті МӘМС шеңберінде тегін ала алады.