ҚР ПІБ Медорталығының Жамбыл облысындағы күндері өтті

2 321

Өңірлердегі денсаулық сақтау саласын дамытуға, отандық медицинаның деңгейін көтеруге, халыққа жоғары сапалы көмек көрсетуге бағытталған ауқымды шара аясында ҚР ПІБ Медорталығының Жамбыл облысындағы күндері өтті, - деп хабарлайды "Opennews.kz" ақпарат агенттігі ҚР Президентінің Іс басқармасына сілтеме жасап.


Медициналық орталықтың ауруханаларының дәрігерлері облыс тұрғындарына 32 операция жасады, консультациялық көмек көрсету үшін 60-қа жуық қабылдау өткізді.


Үздік нейрохирург, уролог, гинеколог және басқа да мамандар  ұйымдастырған   презентациялар мен шеберлік сабақтарына 600-ге жуық тыңдаушы қатысты.


Бір аптаға созылған іс-шараға Медорталыққа қарасты ауруханалар ғана емес, басқа да ведомстволық мекемелер атсалысты. Атап айтқанда «Қарлығаш» балабақшасының өкілдері облыс орталығындағы 3 балабақшаның жұмысымен танысып, жергілікті әріптестерімен дөңгелек үстел өткізді.


Медициналық технологиялар және ақпараттық жүйелер орталығының қызметкерлері өңірдегі медициналық нысандарда өз қызметтері мен мүмкіндіктері туралы таныстырылым жасады. Санитариялық-эпидемиологиялық сараптама орталығы халықаралық тәжірибелерді қолдана отырып, облыстың бизнес өкілдері мен медицина қызметкерлеріне кәсіби деңгейді арттыруға арналған шеберлік сабақтарын өткізді.


Сапар аясында ҚР ПІБ Медициналық орталығы мен Жамбыл облысының әкімдігі арасында Өзара ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылды.


Бұған дейін Медорталық мамандары Ақтөбе, Ақмола, Шығыс Қазақстан, Атырау, Қостанай облыстары мен Шымкент қаласына барған болатын. Жыл соңына дейін еліміздің барлық өңірлерін қамту жоспарланып отыр.