Қызылордада 4 дәрігерлік амбулатория ашылды

2 504

Фото: ҚР Денсаулық сақтау министрлігіЖаңа жыл қарсаңында Қызылорда облысы Шиелі ауданының Талаптан ауылдық округінде жаңа дәрігерлік амбулатория ашылды, - деп хабарлайды "Opennews.kz" ақпарат агенттігі.


«Өңірде халыққа медициналық қызметтердің қолжетімділігін қамтамасыз етуге, саланың инфрақұрылымын жаңғыртуға бағытталған кешенді шаралар қабылдануда. Мемлекет басшысының бастамасымен «Ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасының шеңберінде өңірдің ауылдық жерлерінде 27 медициналық нысанның құрылысы жүргізіліп жатыр. Бүгінде облыс бойынша 15 амбулаторияның құрылысы аяқталды. Жаңа объектілер тұрғындардың игілігі үшін қызмет етсін», - деді облыс әкімі Н.Нәлібаев.


Қоғам қайраткері Мұрат Бақтиярұлы жерлестерін қуанышты оқиғамен құттықтады. Ақсақал, Еңбек ардагері Сейтмағанбет Жұманазарұлы дәстүр бойынша батасын берді.


Бір қабатты ғимарат дизельді отынмен жұмыс істейтін жеке қазандықтың есебінен жылытылады. Дәл осындай амбулаторияның ғимараты ауданның тағы бір ауылдық елді мекенінде – Ақтоғай ауылдық округінде пайдалануға берілді.


Бұрын хабарланғандай, Қызылордада құны 36,4 млрд теңге болатын бір ауысымда 100 адам қабылдайтын емхана, онкология бөлімшесі бар 300 төсек-орынға арналған көпбейінді аурухананың құрылысы басталды. Құны 2,9 млрд теңге болатын қан орталығы жақын арада пайдалануға беріледі. Сондай-ақ 9 денсаулық сақтау нысанына күрделі жөндеу жүргізілді, оның бесеуінде жылыту жүйесі газға ауыстырылды.


Жыл соңына дейін облыстық ауруханада 70 орындық перинаталдық орталық, қала маңындағы Досан ауылында медициналық қызмет көрсету станциясы, Жаңақорған көпбейінді ауруханасының базасында «Қамқорлық» оңалту орталығы ашылады.


Күннің екінші жартысында облыс әкімі Қарғалы ауылдық округінің Бұланбай бауы елді мекенінде амбулатория ашу рәсіміне қатысты.


Өңір басшысы ауыл тұрғындарын жаңа объектінің ашылуымен құттықтап, атқарылған жұмыстар мен медицина саласындағы алдағы міндеттер туралы айтып берді. Ауыл тұрғындарын «Құрмет» орденінің иегері, меценат Сейтқали Алшынбаев та құттықтады. Еңбек ардагері Алпысбек Тәшімбет өз батасын берді. Сондай-ақ, осы күндері Жаңақорған ауданының Қаратөбе ауылдық округінде тағы бір дәрігерлік амбулатория ашылды.