Мерекедегі демалыс күндері жедел жәрдем қызметіне 9 мың адам жүгінді
Алматыда жаңа жылдық демалыс күндері «102» пультіне 2 мыңнан қала тұрғындары қоңырау шалды, ал жедел жәрдемге 9 мың шақырту түскен, - деп хабарлайды "Opennews.kz" ақпарат агенттігі.
Алматының Өңірлік коммуникациялар қызметі демалыс күндері болған оқиғаларға қысқаша шолу жасады.
Алматы қаласы Полиция департаментінің жедел басқару орталығының мәліметінше, мегаполисте 3 күн ішінде 44 қылмыс тіркелген. Олар негізінен тұрмыстық сипаттағы оқиғалар. Ауыр және аса ауыр қылмыстар тіркелмеген.
Патрульдік полицейлер, учаскелік инспекторлар және жедел қызметкерлердің шұғыл әрекетінің арқасында 38 қылмыс ашылды. Сонымен қатар жаңа жылдық мереке күндері полицейлер 500-ден астам құқық бұзушылықты анықтап, жолын кесті.
Осы күндері «102» пультіне 2 мыңнан астам қоңырау келіп түсті, олардың басым бөлігі – анықтама алу сипатындағы ақпарат.
Алматы қалалық Төтенше жағдайлар департаменті биыл мегаполисте Жаңа жыл мерекесі салыстырмалы түрде тыныш болғанын атап өтті. Құтқарушылар да полиция қызметкерлері сияқты күшейтілген режимде жұмыс істеді.
Алматылық дәрігерлер үшін 2023 жылдың 31 желтоқсанынан 2024 жылдың 2 қаңтарына дейінгі аралық оңайға түспеді. Медициналық көмек алу үшін мамандарға тоғыз мыңға жуық адам жүгінді. Қала тұрғындары мен қонақтары негізінен дене қызуының көтерілуі мен жөтелге шағымданған. Сонымен қатар әртүрлі жарақат алған науқастар ауруханаларға жеткізілді.