"Қан бұзылады, тексіз бала туады"...

290
Парламент депутаттары жасанды ұрықтандырудың кейбір қызметтерін шектеуді талап етті. Атап айтқанда, донорлық ұрықты барынша қадағалау қажет. Әйтпесе бір әкеден немесе бір анадан туған балалар болашақта кездесіп, қосылуы да мүмкін. Ал бауырлар отбасын құрса, генетиканың бұзылатыны хақ, ауру балалар туады, қазақтың қаны бұзылады. 

Sputnik Қазақстан тілшісі осы мәселеге үңіліп, экстракорпоральды ұрықтандыру жолымен донорлық ұрықтан туған балалардың қосылу қаупін зерделеп шыққан.

Депутат неге алаңдап отыр? 

Күні кеше мәжілісмен Бекболат Тілеухан үкіметке депутаттық сауал жолдап, республика бойынша аталық және аналық ұрықтың бірыңғай базасын құруды талап етті. Бұдан бөлек, донорлықтың бұл түрін барынша шектеуді ұсынды. Депутат аталық және аналық ұрықты бір рет қана тапсыруға рұқсат беру керек деп санайды. Сосын оны ары кетсе, екі адам ғана қолдануы шарт. Сонда бір әкеден немесе бір анадан туған балалар аз болады.  
"Бізде заң бойынша 35 жасқа дейінгі ер адам анонимді түрде донор бола береді. Дені сау, қол-аяғы балғадай, дене бітімі дамыған, генетикалық сараптамасы жақсы болса, аталық ұрығын тапсыра алады. Қанша рет тапсырады, өз еркі, шектеу жоқ. Анкетада жүзі, руы, бойы, салмағы, мамандығы көрсетіледі. Каталогтан көңіліңізге қонғанын таңдап аласыз, болды", – деді Тілеухан мәжілістің жалпы отырысында. 

Оның айтуынша, статистика бойынша жыл сайын бір ғана клиникада дәл осы жолмен 70 бала дүниеге келеді. 
"Ертең еліміздің түкпір-түкпірінде қаншама отбасыда бір әкеден қаншама бала тарайын деп жатыр. Ертең олар бір-біріне үйленуі мүмкін, басқа болуы мүмкін...  Бір әкеден тараған жандардың бір-біріне үйленуінің алдын алу үшін, ауру балалардың санын азайту үшін бұл мәселе өте маңызды деп ойлаймыз", – деді депутат. 

Осы орайда Тілеухан аталық және аналық ұрықтың бірыңғай базасын құрудың тиімділігін де жеткізді. Оның ойынша, донорлар баратын бір ғана орталық болуы қажет. Сол жерден аталық және аналық ұрық таратылса, болашақ ұрпақтың денсаулығын сақтап қалуға болады.

Репродуктологтар не дейді?
 

Бүгінде Қазақстан аумағында экстракорпоральды ұрықтандырумен айналысатын 20-ға жуық клиника бар. Шынымен де, әрбіреуіне барып, аталық немесе аналық ұрықты тапсыра беруге болады. Бірақ донорды жан-жақты тексереді. Тіпті, білім деңгейіне де мән береді.
 
"Иә, ер адамдардың аталық ұрығын 35 жасқа дейін қабылдайды. Бұрын үйленген және кем дегенде бір баласы бар жігіттер ғана донор бола алатын. Қазір ол талапты алып тастады. Денсаулығы дұрыс болса, жеткілікті. Сосын мамандар онымен сөйлеседі, психологиялық денсаулығына және генетикасына қарайды. Тіпті, білім деңгейіне де мән береміз", -  дейді репродуктолог Людмила Бадельбаева. 

Маман анкетаға донордың қай рудан шыққаны туралы ақпараттың енгізілетінін де растады. Кейбіреулер зодиак белгісін де сұрайды. Оны да анкетаға жазатын болған. Соның бәрін ашық айтса да, аталық ұрықтың иесіне қатысты жеке мәліметтер құпияға жатады. Оның биоматериалын алатын адамдарға тек бала кезіндегі фотосы ғана көрсетіледі. Сосын дене бітіміне қатысты жалпы ақпарат беріледі. Әйелдің анонимді донор ұрығынан бала көтергенін клиника мамандары ғана біліп отырады. Ал аталық ұрықтың иесіне хабар берілмейді. Бірақ бір донордан туатын балалардың санына нақты шектеу қойылған. 

"Өткен жылы желтоқсанда шыққан бұйрыққа сәйкес, донор болған бір еркектің аталық ұрығынан туатын балалардың саны 10-нан аспау қажет. Бұрын 20 бала болған. Былтыр екі есеге қысқартты. Бірақ біз өзіміз бір аталық ұрықты ешқашан он рет қолданбаймыз. Екі, ары кетсе, үш рет пайдалануы мүмкін. Алайда барлығында бала туа бермейді. Біреудің жүктілігі тоқтайды, енді біреуде түсік болып қалады. Ондайда әйелдер басқа донордың ұрығын таңдайды", - деп атап өтті Бадельбаева. 

Бірыңғай база керек 

Репродуктолог мамандар аталық пен аналық ұрықтың бірыңғай базасы керек дейді. Бірақ ол үшін арнайы орталық құрудың қажеті жоқ. Барлық клиникаға ортақ бір ақпараттық база болса да жеткілікті. Сонда мамандар донордың қай жерге және неше рет биоматериал тапсырғанын біліп отырады.
 
"Жалпы, ер адамдар ұрығын тапсыруға көп келе бермейді. Олар медициналық тексерістердің тізімін көреді де, ат-тонын ала қашады. Ал әйелдер жүгіре береді. Бір клиникаға барып тапсырады, одан кейін екіншісіне кіреді. Сөйтіп ақша табуға тырысады. Еркектер көп алдамайды. Әйелдер болса, жиі өтірік айтады. Содан басқа клиникаларға хабарласып, ондай әйелдің барғанын, я бармағанын сұрап отырамыз", - дейді Бадельбаева. 
Оның айтуынша, кейбір әйелдер шетелге баруға да ерінбейді. Ал келгесін тағы клиникаға барады да, аналық ұрығын тапсырып жатады. Дегенмен отандық мамандар ондай әрекеттерді анықтауға тырысады. 

Ал генетик Мақсат Жабағиннің айтуынша, аталық ұрық болсын, аналық ұрық болсын, донорлық жолмен дүниеге келген бала әкеден де, анадан да бірдей генетикалық ақпарат алады.

"Біз генеткалық ақпараттың 50 процентін әкеден, 50 процентін анадан аламыз. Біреудің тұқымында кемістігі бар аллель, яғни ген болу мүмкін. Ал бір әкеден немесе бір анадан туған балалар қосылса, ондай аллельдердің түйісіп қалу қаупі жоғары. Сол кезде дәл сол ген істемей қалады да, белгілі бір ауруға себеп болады. Ондай аурулар көп", - деп атап өтті Жабағин. 

Статистикаға сүйенсек...

Сонымен, анонимді донордың ұрығынан туған балалар бір-бірін білмейді. Сондықтан болашақта кездесуі де мүмкін. Тіпті, қосылуы да ғажап емес. Оны репродуктологтар да мойындап отыр. Алайда мамандар бірнеше маңызды мәселені ескеру керек дейді. Біріншіден, бүгінде клиникаларда аталық ұрық тапшы. Себебі медициналық тексеріс тегін жасалса да, ер адамдар 20-30 мың теңге үшін басын қатырғысы келмейді. Екіншіден, әйелдер аналық ұрығын жиі тапсырса да, оларға қатысты анонимді шектеу көп қойыла бермейді. Донор әйел туралы толық ақпарат алуға болады, тіпті, танысуға да мүмкіндік бар. Әрине, ол үшін донордың келісімі керек.