Аптасына бір рет қана салынатын «ақылды инсулин» жасалды
Зерттеушілер тобы кем дегенде бір апта бойы тиімді болатын глюкозаға сезімтал инсулин жасады, - деп хабарлайды "Opennews.kz" ақпарат агенттігі.
Күнде бірнеше рет инсулин салатын қант диабетімен ауыратын адамдар үшін жағымды жаңалық тарады. Енді инсулинді күнде салудың қажеті жоқ, ғалымдар аптасына бір рет қана салынатын smart инсулинді сынақтан өткізуді бастады.
Зерттеушілер қандағы глюкоза деңгейіне жауап беретін және қандағы қантты бір апта бойы бақылауда ұстайтын, ағзаға баяу таралатын smart инсулин жасады. Жануарларда сыналған жаңа инсулинді диабетиктер аптасына бір рет салса жеткілікті болады.
Қант диабетімен ауыратындарға инсулинді күнде енгізу қажет. Инсулинді алмастыру терапиясы қандағы глюкозаның (BG) қалыпты деңгейін ұстап тұруға бағытталған. Қант диабетінің гипогликемия (төмен BG) және гипергликемия (жоғары BG) түрлері болатыны белгілі. Олардың екеуі де денсаулықта елеулі проблемалар тудыруы мүмкін. Ұзақ әсер ететін «базальды» инсулинді тамақпен бірге қабылданатын жылдам әсер ететін инсулин болюстерімен бірге қолдану науқасқа қажетті инъекциялар санын анықтауды қиындатып жібереді.
Құрамында инсулин шығаратын жасушалары бар тері астына имплантант қою немесе баяу шығарылатын глюкагон тәрізді пептидтермен (GLP-1) толтырылған гидрогельді қолдануды жасаған соң зерттеуші ғалымдар қант диабетімен ауыратындарға инсулинді бірнеше рет салуды азайтуға барынша көңіл бөле бастады.
Қытайдағы Чжэцзян университетінің Фармацевтикалық ғылымдар колледжінің зерттеушілері бір апта немесе одан да көп уақытқа созылатын және қандағы глюкоза деңгейіне жауап беретін smart инсулин инъекциясын ойлап тапты.
Зерттеушілер рекомбинантты адам инсулинінің аналогін, қазіргі инъекцияларда қолданылатын инсулинді глюкон қышқылымен жетілдіру арқылы жасады. Глю-инсулин деп аталатын ол динамикалық электростатикалық тартылу және комплекс түзу арқылы поли-L-лизинмен модификацияланған 4-карбокси-3-фторбензолборон қышқылымен (FPBA), полимермен тұрақты қосылым түзеді. Бұл жай сөзбен айтқанда, күрделі қосылыс түзу арқылы химиялық реакция туғызады.
Глюкоза деңгейі қалыпты болған кезде (нормогликемия) мықты электростатикалық күштің әсері мен хелация (жақындасу, бірігу) препараттың инсулиннің тым төмен, баяу және үздіксіз мөлшерде шығып тұруын қамтамасыз етеді.
Ал гипергликемиялық жағдайларда глюкоза FPBA-мен байланысады және глю-инсулин мен полимерлер арасындағы электростатикалық тартылыс күші мен байланыс тығыздығын төмендетеді, инсулиннің шығарылуына ықпал етеді.
І типті қант диабеті бар тышқандарда сыналғанда, енгізілген жаңа инсулин кешені тері астында бұршақ көлеміндегі «қоймада» жинақталып, препаратты баяу шығаратын түрге келеді. Ол қандағы инсулин деңгейін тұрақты «базальды» деңгейде және BG деңгейін қалыпты нормалық деңгейде ұстап тұрған.
Зерттеушілер тышқандардың қанындағы глюкоза деңгейін жоғарылататын глюкоза берген соң екі сағат ішінде жоғары глюкоза деңгейін түзететін smart инсулин бөліне бастағанын анықтаған. BG деңгейі қалыпты жағдайға оралғанда, «қоймадағы» smart инсулин бөлу жылдамдығы төмендей бастаған.
Smart инсулин енгізгеннен кейін бір апта нормогликемия тұрақты болған және иммундық жүйе бөгде денеге әсер еткенде пайда болуы мүмкін талшықты капсула байқалмаған. Иммундық жүйенің әсері болғанда дәрілік инфузияға кедергі келтіруі мүмкін еді.
Зерттеушілер клиникалық сынақтарға кіріспес бұрын препараттың ұзақмерзімді биоүйлесімділігін одан әрі бағалауды жоспарлап отыр.
Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының (ДДҰ) саламатты өмір сүруге қатысты кеңестерін де біліп жүрген дұрыс шығар: дұрыс тамақтану; қимыл-қозғалыстағы белсенділік; темекіден аулақ болу; қандағы холестерин мен глюкоза деңгейін ұдайы бақылау; қан қысымын бақылау; жылына бір рет міндетті түрде медициналық тексеруден өтіп тұру.
Мемлекеттің ең қымбат қазынасы – адамдар. Дені сау адамның өмірге көзқарасы да ерекше болатыны белгілі. Әркім өзінің денсаулығына жауапкершілікпен қарап, белсенді өмір салтын ұстанса ғана ұлттың сапасын жақсартуға болады.