Молекулярлы медицина орталығы ашылды
Бүгін Түркістанда Молекулярлы медицина орталығы ашылды, - деп хабарлайды "Opennews.kz" ақпарат агенттігі.
Бұл орталық Түркістандағы №3 перинаталдық орталығына құрамында Түркістан, Кентау қалалары мен Созақ, Отырар, Сауран аудандарының жүкті әйелдері мен жаңа туған нәрестелеріне қызмет көрсетеді. Мақсат – ана мен бала денсаулығын жақсартып, қайғылы жағдайлардың алдын алу.
Қазіргі таңда өңірде 4213 әйел жүктілікпен тіркеуде тұр, жылына 15 мыңға жуық нәресте дүниеге келеді. Орталық пациенттерге медициналық-генетикалық кеңес беру, жаңа туған нәрестелерді фенилкетонурияға және туа біткен гипотериозға неонаталдық скрининг жүргізу, орфандық ауруларды диагностикалау қызметін көрсетеді.
Сонымен бірге, жүктіліктің бірінші триместріндегі пренатальды биохимиялық скринингті қоса алғанда медициналық генетика саласындағы қызметтердің кең спектрін жүргізеді.
Жаңа нысанның ашылу салтанатына Түркістан облысы әкімінің орынбасары Бейсен Тәжібаев пен облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Асхан Байдуәлиев қатысты.